Шымкенттің миллионыншы тұрғыны 1 жасқа толды (ВИДЕО)

0
1 796

Шымкент қаласының миллионыншы тұрғыны - Айсұлу Еламан


Шымкенттің миллионыншы тұрғыны 1 жасқа толды (ВИДЕО)

ERNUR.KZ. Өткен жылдың 17 мамыры күллі шымкенттіктер үшін тарихта қалған күн. Себебі қаланың миллионыншы тұрғыны жарық дүниеге есігін ашып, Шымкент ресми түрде мегаполис статусына ие болды, деп жазады elitar.kz.

Миллионыншы тұрғын Айсұлу Еламан - отбасының тұңғышы. Бойы - 54 см, салмағы 3,1 кг болып дүние есігін ашқан сәби бүгін 1 жасқа толып отыр. Анасы Айжан Ахайбекова жүкті кезінде сәбиін ұл болады деп болжапты. Жолдасы Самат Еламанов тұңғыштарының қыз баласы болғанын күткен екен. Әкенің тілегі қабыл болып дүниеге келген Айсұлудың еркелігі басым. Тәй-тәй басқан оның қазір салмағы 10 келіден асқан, бойы - 75 см.


Кішкентай Айсұлу ерекше балажан. Ата-анасы Айжан мен Самат болашақта көпбалалы отбасылардың қатарын толықтырсақ деп отыр. Кейінгі балаларымызға бас-көз болатын қызымыз да дайын деп әзілдеп қояды. Оның үстіне тұңғыш перзентіміз ата мен әженің баласы дегенді алға тартты.

Айсұлу әзірге балабақшаға бармайды, анасы бала күтімімен үйде отыр. Отбасының асыраушысы әкесі Самат медицина саласының маманы. Жас отбасы сәбилерін балабақша кезегіне тұру үшін барлық құжатын әзірлеп қойдық дейді. Енді сол құжатты тиісті мекемеге тапсыру ғана қалыпты.

Айжан Ахайбекова Шымкенттің миллионыншы тұрғынын дүниеге әкелу танымалдық алып келді дейді. Енді кішкентай Айсұлудың әлеуметтік желілерде парақшасын ашуды көздеп отыр.Айта кетейік, Айсұлу Еламан жарық дүние есігін ашқан соң жас отбасыға екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Бүгінде миллионды қаланың миллионыншы тұрғынын тәрбиелеп отырған отбасы дәл сол пәтерде тұрып жатыр.


Өткен жылдың қыркүйек айында кішкентай Айсұлудың бесікке салу рәсімі өтті. Тұңғыштарының тәп тәтті қылығына тоймай отырған жас ата-ана миллионыншы тұрғынның болашағын да қазірдің өзінде жоспарлап қойған.