СҚО-да 3 күн ішінде 10-нан астам қару тәркіленді

0
390

Қызылжар ауданындағы бір ауылдың учаскелік полиция инспекторы бір күннің ішінде екі «ИЖ» мылтығын тәркіледі.


СҚО-да 3 күн ішінде 10-нан астам қару тәркіленді

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында үш күндік «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз сақталған 11 атыс қаруы тіркелді, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты - қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, есептегі тұлғаларды қадағалау, Жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылауға алу. Үш күнге шақталған операция барысында тіркелмеген қару-жарақты анықтау міндеті де қойылды.

Қызылжар ауданындағы бір ауылдың учаскелік полиция инспекторы бір күннің ішінде екі «ИЖ» мылтығын тәркіледі. Екі жағдайда да мылтықтар үй кіреберісінде сақталып келген, ал біреуінің үйінде кәмелетке толмаған балалары болған. Осыған орай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы бойынша материалдар жинастырылды. Алынған мылтықтар сараптамаға жіберілді.

«Жалпы жедел-профилактикалық іс-шараның 3 күнінде 1 травматикалық тапанша мен тіркелмеген 10 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Қаруды өз еркімен тапсыру ғана жауапкершіліктен босататынын еске саламыз. Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу кезінде 1477 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішіндегі 300-ге жуығы - қоғамдық орында ішімдікті ішу немесе мас күйде жүру фактілері. Тұрмыс саласында 93 құқыққа қайшы дерек тіркелді. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ерекше назар бөлінді. Жасөспірімдер түнгі уақытта үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында жүрген 70 факті анықталды. Облыс жолдарында 17 мас жүргізуші ұсталды», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.