Смайылов шахтадағы апатқа кім кінәлі екенін айтты

0
1 347

"АрселорМиттал Теміртау" нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапқан.


Смайылов шахтадағы апатқа кім кінәлі екенін айтты

ERNUR.KZ. Шахтинск қаласында премьер-министр Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты "Қазақстан" шахтасында болған төтенше жағдай бойынша кеңес өткізді, деп жазады sputnik.kz.

Премьер-министр қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңбұзушылықтармен тікелей байланысты екенін айтты.
"Бұл – ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Басшылық өздері компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттегендіктен бірнеше жыл бойы қайғылы салдарға әкеп соғып жатыр. Жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталанып жатыр. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде", — деді Әлихан Смайылов.
"АрселорМиттал Теміртау" басшылығы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар және елеулі инвестициялардың бағытталатыны жөнінде әрдайым мәлімдеп келеді. Алайда болып жатқан апаттар мен қайғылы оқиғалар керісінше жағдайды көрсетіп отыр.
"АрселорМиттал Теміртау" нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп барады. "АрселорМиттал" халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші өлім осы компанияда болады", — деді премьер.
Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындының 88%-і осы кәсіпорынға тиесілі. Салдарынан қала тұрғындарында онкологиялық ауру, тыныс алу жолдары аурулары және басқа да сырқаттар деңгейі өскен.
"Кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды", — деп атап өтті премьер-министр.
2021 жылы 3 млрд доллардан астам сомаға жаңғыртуға инвестиция құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда компания тек 1 млрд долларға жоба ұсынды.
"Іс жүзінде бұл қаражат ағымдағы жөндеуге бағытталып, жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестиция емес", — деді Смайылов.
Премьер-министр апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдап, оның себептерін жан-жақты зерттеу және осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтау қажеттігін атап өтті.
"Қарағанды облысының әкімдігі “АрселорМиттал Теміртаумен” бірлесіп, қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп, оның ішінде асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер тағайындасын. Жерлеу шараларына қаражат беру, жұмыс беруші есебінен қаза тапқандардың отбасына үй алып беру және моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз етуі керек", — деп түйіндеді үкімет басшысы.
Еске салсақ, 17 тамыз сағат 10.05-те "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы өртенді. ТЖ кезінде жер астында 227 болған, 222 кенші құтқарылды. Үш адамның денесі табылды, тағы екеуі іздестіріліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс тіркелді.