Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар осылай көлдің суын тасып ішуге мәжбүр.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының Белое елді мекенінде ауыз су тапшы. Тұрғындардың айтуынша, билік тек уәде берумен келеді, деп жазады sputnik.kz.
Су тапшылығынан зардап шегіп отырған 75 жастағы зейнеткер Ислам Омаров күн сайын үй маңындағы қарды күреп, пешке ерітіп ішеді. Ол ала жаздай күткен, кейін күзде беріледі деген судың әлі күнге дейін елдімекенге жетпегеніне наразы.
"Неше жылдан бері халықты алдап келді. Қарды ерітіп, көлден су тасып, ішеміз. Ал қар суы, көл суы ішуге жарай ма? Әрине, ішуге болмайды. Бірақ амал жоқ. Не істейміз? Күн көру керек. Осыдан ауырамыз", – деді Белое ауылының тұрғыны Ислам Омаров.
Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар осылай көлдің суын тасып ішуге мәжбүр. 50 жастағы Игорь Наумов үйіне су тартқызу үшін 200 мыңға жуық қаражат жұмсаған. Бірақ нәтиже жоқ.
Елді мекенде жалғыз ғана құдық бар. Ал оның суы тұтынуға келмейді. Ауылға мүлдем су тартылмаған. Мәселенің алдын алу үшін 2020-2022 жылдарға арналған жоба әзірленген. Алайда әлі аяқталмады.
Ал ауыл әкімі жауапты мердігер компанияны кінәлап отыр. Ауа-райының қолайсыздығы тағы әсер етті дейді.
"Медігер компания жұмысын аяқтап үлгермеді. Сондықтан бізге уақытын созуға тура келді. Қаражат 375 млн болатын. 80 пайызы игерілді. Наурыз айында жұмыс бітеді. Халыққа су беріледі", – деді Белое ауылының әкімі Әділхан Разиев.
Ал жауапты мердігер компания әлі күнге дейін су құбырларының ішін жуып, тазалау жұмысын жүргізіп жатыр. Учаске басшысы 10 күннің ішінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етеміз деп сендірді.
"Былтыр 2022 жылы желтоқсан айына дейін жұмыс жасап кеткенбіз. Тек суды қосып, дезинфекция жасап, тексергеннен кейін тұрғындарға су қосу керек болған. Қазір дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді учаске басшысы Бүркітбай Бекбенбетов.