Сот хатшысы сыйлық алғаннан кейін өзіне қол салды

0
1 573

Ақтөбелік 58 жастағы әйел нашақордың туыстарынан мәселені сотқа жеткізбей шешу үшін шаңсорғыш алған


Сот хатшысы сыйлық алғаннан кейін өзіне қол салды

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында Алға аудандық сотының 58 жастағы хатшысы өзіне қол салғаны жайлы өткен аптада белгілі болды. Суицидке марқұмға қарсы қылмыстық іс қозғалуы себеп болуы мүмкін. Жоғарғы сот сайтында Алға аудандық соты кеңсесінің бұрынғы бас маманы – сот отырысының хатшысына қарсы қозғалған істің мән-жайы жазылған құжат жарияланды, деп жазды sputnik.kz.

Құжатта 2018 жылдың қазан-қарашасында Алға аудандық сотының ауруханасы аудандық сотқа 25 жастағы жігітті нашақорлықтан еріксіз емдеуге жіберу туралы өтініш түсіргені айтылған. Хатшы мен ол жігіттің туыстары мәселені сотқа жеткізбей шешуге уағдаласады. Ол үшін хатшыға Samsung фирмасының шаңсорғышы мен Silver Ombre иіссуы тапсырылатын болып келісілсе керек. Шаңсорғыш хатшыға, ал парфюм судьяға берілетін болған. Хатшы шаңсорғышты алған, ал құны 50 мың теңгеден жоғары тұратын иіссудан бас тартыпты.

Осы жағдайдан кейін оған 190-баптың 3-бөлігі ("Қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасау") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 58 жастағы әйел 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін еді. Ол кінәсін мойындаған.

Қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау Жаңа жыл қарсаңында Алға аудандық сотында өтті.

"Сотталушының психологиялық жағдайын көре отырып, мен тұтас Алға сотына қарсылық білдіріп, істі Ақтөбеде қарауды сұрадым, — дейді адвокат. — Үш сағаттан кейін сот төрағасы одан бас тартты".

Қорғаушы бұл жерде арандатушылық болғанына сенімді:

"Біз алғыс ретінде не алғың келеді деп сұрап, оны арандатты деп есептейміз. Ол шаңсорғыш қажет екенін айтқан".

8 қаңтарға басты сот талқылауы белгіленген еді. Сотталушы өзіне қол салып, ол күнге жеткен жоқ.

"Өзі 25 жыл жұмыс істеген жерде сот алдында тұру оған ауыр болды, — деді адвокат. – Істі Ақтөбеге бергенде, әйел әлі күнге аман-есен болар ма еді. Ол Алға аудандық сотында 25 жыл жұмыс істеді ғой…"

Хатшының өлімінен кейін бұрынғы әріптестері оның отбасына көңіл айтуға келді.