Степногорск қаласында марқұмның ақшасын жымқырған полицейлерге рахымшылық көрсетіліп, жазадан босатылды

0
771

Сотталғандар "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды.


Степногорск қаласында марқұмның ақшасын жымқырған полицейлерге рахымшылық көрсетіліп, жазадан босатылды

ERNUR.KZ. Степногорск қаласының полицейлері қаза тапқан марқұмның картасындағы ақшаны өздеріне аударып алған. Кейін көз жұмған адамның туыстары оның жинаған қаражатының жоғалғанын түсінген деп жазады Stan.kz.

2021 жылы Степногорск қаласының полициясы ер адамның қайтыс болғаны туралы хабарламадан кейін оқиға орнына барады. Алдымен марқұмның ұялы телефоны арқылы ол сөйлескен соңғы нөмірге қоңырау шалып, абоненттің полиция бөлімшесіне келуін сұраған.

Кейін полиция бөлімінде анықтаушы марқұмның ұялы телефонын ақтара бастаған. Тіпті банктік қосымшаны ашып, марқұмның туған күнін жазып, құпия сөзді оңай тауып алады. Содан қаражаттың барын көріп, полиция капитаны әріптесін осы ақшаны жымқыруға көндірген.

Полицейлер кейін қаражатты тағылымдамадан өтіп жүрген қыздың есеп шотына аударатынын айтқан. Бейхабар бойжеткен шотына түскен ақшаны полиция қызметкеріне кері жіберген. Артынша полицейлер марқұм телефонынан банктік қосымшаны өшіріп тастаған.

Жақындары адам қайтыс болғаннан кейін жинақтары шоттан жұмбақ түрде жоғалып кеткенін байқап, шу шығарады. Қылмыстық істі тергеу екі жылға жуық уақытқа созылып, басты айыпталушы, барлық кінәні сыбайласына жүктеуге тырысты.

Айыптау материалдары "Ұрлық" қылмыстық бабы бойынша сотқа жіберілді. Жақында Степногорск қалалық соты екі полицейді кінәлі деп тауып, үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесті. Рақымшылық заңы негізінде олар жазадан босатылды. Сотталғандар "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды.