Су басқан өңір балалары сауықтыру орталықтарына жіберіліп жатыр

0
1 183

Су басқан өңірлерде 80 білім беру ұйымы онлайн оқу форматқа көшті.


Су басқан өңір балалары сауықтыру орталықтарына жіберіліп жатыр

ERNUR.KZ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

"Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша 6 сәуірден бастап 11 балаларды сауықтыру орталықтарына зардап шеккен өңірлерден балаларды қабылдау басталды. Мұнда сауықтырумен қатар оқу процесі де ұйымдастырылады. Балаларды қабылдаудың алғашқы күнінде Ақмола облысындағы "Жас дәурен" балаларды сауықтыру орталығы 80-нен астам баланы қабылдады", - деді Мереке Амангелдіқызы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, балаларды сауықтыру орталықтарына ұйымдасқан әрі қауіпсіз тасымалдаудың іс-қимыл алгоритмі әзірленді.

"Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам білім саласының қызметкері волонтерлер қатарында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда. Оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр", - дейді ол.

Айта кетсек, су басқан өңірлерде 80 білім беру ұйымы онлайн оқу форматқа көшті. Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес балаларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.