Шежін-2 өзеніндегі су деңгейі де 763-ке жетіп, қауіпті деңгейге (780 см) жақындады.
ERNUR.KZ. Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысында жағдай күрделене түсті, деп жазады inform.kz.
БҚО ТЖ департаментінің жедел штабынан мәлім еткеніндей, 11 наурыздағы сағат 00.00-дегі мәліметке сәйкес «Қазгидромет» РМК-дан Деркөл өзеніндегі су деңгейі 487 сантиметрге (қауіпті шегі – 520 см) дейін көтерілгені туралы хабар түсті.
Сол секілді Шежін-2 өзеніндегі су деңгейі де 763-ке жетіп, қауіпті деңгейге (780 см) жақындады.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ күштерінен кезекшілік ұйымдастырылды. Департаментте облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаевтың басшылығымен шұғыл отырыс өткізіліп, Тасқала (Тасқала кентіне) мен Бәйтерек (Зеленый ауылына) аудандарына ТЖД бөлімшелерінің жеке құрамынан 27 адам, 5 техника, 4 мотопомпа, 2 генератор, 4 жүзу құралы, 1 мотобур жіберілді.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, жағдайды бақылау үшін бүгін сағат 09.00-де Тасқала мен Бәйтерек аудандарына Ми-8 тікұшағымен ұшу жоспарлануда.
Деркөл өзеніндегі мұздың қалыңдығы – 90 см, топырақтың қатуы – 115 см.
«Жедел штабта тұрғындардан 494 қоңырау қабылданып, олар бойынша су басу қаупін жою мақсатында уақтылы жұмыс атқарылды. Сонымен қатар 9 мекеменің жертөлелеріне 5 см биіктікке су кірді және уақтылы сорылды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда», деп хабарлады ведомстводан.