Бұдан кейін ол судьялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында судьяны тәртіптік жазаға тарту мерзімі теріс қылық анықталған кезден бастап 3 айдан бір жылға дейін және теріс қылық жасалған кезден бастап 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылатынын айтты.
ERNUR.KZ. Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.
Сенатор Қанатбек Сафиновтің сөзінше, заң жобасының негізгі міндеті – судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, заңның үстемдігін және сот жүйесінің тәуелсіздігін белгілеу бойынша жүргізіліп жатқан сот реформасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.
"Заң жобасындағы түзетулерді 2 блокқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші блок – судьялар корпусының кәсібилігін арттыру және сот жүйесіне құқықтың тар салаларының мамандарын тарту. Екінші блок – судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру және сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу. Бірінші блок бойынша неғұрлым күрделі салаларда маманданған судья лауазымына кандидаттар мамандандырылған біліктілік емтиханын тапсыруды қамтитын жеке конкурстан өтеді. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия Жоғары сот кеңесімен алдын ала келісілгеннен кейін Жоғарғы соттың жалпы отырысы бекітетін тиісті әдістеме негізінде судьялардың кәсіби қызметіне бағалау жүргізеді. Аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде шалғайдағы немесе құрамы аз соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялар басымдыққа ие болады", – деді Қанатбек Сафинов.
Бұдан кейін ол судьялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында судьяны тәртіптік жазаға тарту мерзімі теріс қылық анықталған кезден бастап 3 айдан бір жылға дейін және теріс қылық жасалған кезден бастап 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылатынын айтты.
"Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сот жүйесінің бюджетін қалыптастырудың қағидатты жаңа моделі ұсынылады. Оның мөлшері жыл сайын барлық мемлекеттік органдар шығысының кемінде 6,5%-ын құрайды. Шығыстарды бөлу мәселелерін шешу бойынша Жоғарғы соттың кеңейтілген жалпы отырысы – судьялық өзін-өзі басқару органының рөлін күшейту көзделеді. Бұл ретте ақшалай түсімдердің нысаналы пайдаланылуын бақылау Есеп комитетінің есебінен сақталады. Осы заң жобасына енгізілетін түзету судьялардың кәсіби білімі мен іскерлігінің деңгейін арттыруға және судьялар корпусының сапалық құрамын жақсартуға, сот жүйесінің қаржылық тәуелсіздігін және ақша қаражатын бөлу мәселелерін шешуде судьялардың өзін-өзі басқару органдарының дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді", – деді депутат.