Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге Мысыр үкіметі 181 млн фунт бөлді

0
2 904

Көлемі бойынша Мысырда екінші орында тұрған бұл мешіт қалпына келтірілгеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік орталықтардың біріне айналатынына күмән жоқ.​


Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге  Мысыр үкіметі 181 млн фунт бөлді

ERNUR.KZ. Мысыр Араб Республикасы (МАР) Парламентінде Қазақстан Елшісі Арман Исағалиевпен өткен кездесу барысында Уақыптар министрі Мұхтар Джумаа Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін Мысыр Үкіметі 181 миллион фунт (яғни, 10,5 миллион АҚШ доллары) бөлгенін жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұған қоса, Уақыптар министрлігі өз қаражатынан бұл жобаны тез аяқтау мақсатында қосымша 10 миллион фунт бергенін басып айтты. Бұл жаңалық Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстың рәмізіне айналған қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстары көп ұзамай аяқталады деген сенім ұялатады» делінген хабарламада.

2007 жылғы 28 қазанда ҚР мен МАР үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде аталған мешітті реставрациялау жобасы және оның 12,0 млн АҚШ доллары мөлшерінде бюджеті бекітілген еді. Келісімге сәйкес, аталған соманың 4,5 млн АҚШ долларын Қазақстан тарапы бөлді, ал қалған бөлігін Мысыр үкіметі қаржыландыруы тиіс еді. Жоба 2011 жылдың қазанында аяқталуы керек болған, алайда Мысырдағы сол кезге болған саяси және экономикалық дағдарыс себебімен тоқтап қалған еді.


2018 жылғы қазан айында, яғни 7 жылдан соң, Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жоба МАР Көне ескерткіштер министрлігі және бас мердігер «Араб контракторс» компаниясы іске асырады. Мешіттің шаңырақты бөлмелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қайта көтеріліп, орталық алаң мен сыртқы қабырғалары жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді.

Көлемі бойынша Мысырда екінші орында тұрған бұл мешіт қалпына келтірілгеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік орталықтардың біріне айналатынына күмән жоқ.