Суретші әрі фотограф балаларға арнап пайдалы ойыншық құрастырды

0
3 871

Талдықорғандық фотограф әрі суретші Жеңіс Ысқабай ұлттық нақышта ойыншықтар құрастыра бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Суретші әрі фотограф балаларға арнап пайдалы ойыншық құрастырды

фотолар: inform.kz

Талдықорғандық фотограф әрі суретші Жеңіс Ысқабай ұлттық нақышта ойыншықтар құрастыра бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Жеңіс Ысқабай бала кезінен ағаштан түйін түйіп түрлі бұйымдар жасауға әуес болған. Қазір де негізі кәсібінен қолы босай қалған сәтте шеберханасына барып, ағаш жонып, шеберлік өнерін шыңдауға кірісіп кетеді. Қазір ағаш ұстасы ойыншық жылқының бірнеше түрін құрастырып үлгеріпті. Ал оның бұл жобаға кірісуіне өз балаларының денсаулығына алаңдаушылық себеп болғанын айтады. Үш баланың әкесі соңғы кездері балаларының теледидар көрсе дұрыс отырмайтынын байқаған. Сондай-ақ өзге де балалар сияқты смартфонға телміріп, компьютер ойындарына тым берілетінін аңғарған. Бұл олардың физикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан оларды алдандыратын бір ойыншық құрастырғысы келгенін айтады.

  • Бала оған отырғанда өзін атқа мінгендей сезінеді. Әрі-бері тербелгенде бүкіл бұлшық еттері қозғалады. Яғни, ойын баласы ойыншық жылқыға отырып теледидар көрсе де, ойнаса да үнемі қозғалып физикалық жаттығулар орындайды, - дейді Жеңіс Ысқабай.

Ағаш шебері енді-енді отыра бастаған, белі қатайып келе жатқан 6-7 айлық балаларға арнап құлыншақ құрастырды. Ал шыбық сындырып жылқы етіп ойнайтын 4-5 жастағыларға тағы бір тұлпар жасады. Ең бастысы оның бұйымдары экологиялық таза заттардан жасалған. Жеңіс Ысқабай бұл ойыншықтарымен байып кетуді мақсат етіп отырған жоқ. Ол әр қазақтың баласы жылқы құмар болып өскенін қалайды.