21 мамыр күні облыстық ТЖД-і тұрғындарға смс хабарлама таратып, қатты жел соғатындығы жөнінде ескерткен болатын.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда қатты желден үйлердің шатырлары ұшып, көліктер зақымданды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қаратал және 9-шағынаудандарында көпқабатты үйдің, клубтың шатырлары ұшты деген ақпарат кезекші бөлімге келіп түсті. Қазір оқиға орнына мамандар кетті. Ақпарат расталғаннан кейін оқиға тіркелетін болады», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Ал қазір әлеуметтік желіде қатты желден кейінгі көріністер жарияланып жатыр. Сурет пен бейнежазбаларда қаладағы ағаштардың сынғанын, шатырлардың ұшқанын анық көруге болады. Сондай-ақ «Toyota» маркалы көліктің үстіне шатыр жабындысы құлап, көлік қатты зақымдалған.
Айта кетейік, 21 мамыр күні облыстық ТЖД-і тұрғындарға смс хабарлама таратып, қатты жел соғатындығы жөнінде ескерткен болатын.
«22 мамырда Алматы облысының кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, күн күркірейді, бұршақ жаууы мүмкін деп ескертеді. Жел оңтүстік-батыстан ауыса отырып, солтүстік-батысқа қарай соғады. Кей жерлерде 15-20 м/с, екпіні 25 м/с. Талдықорған қаласында күндіз жаңбыр жауып, күн күркірейді. Жел оңтүстік-батыстан ауыса отырып, солтүстік-батысқа қарай соғады, таңертең және күндіз екпіні 18 м/с» делінген ведомствоның таратқан хабарламасында.