Талдықорғанда салынатын онкологиялық орталықтың жобасы жасалды

0
504

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайту туралы тапсырма берген болатын.


Талдықорғанда салынатын онкологиялық орталықтың жобасы жасалды

Талдықорған қаласында салынатын онкологиялық диспансердің жобасы дайын. Құны 10 млрд теңге шамасындағы үлкен әлеуметтік жобаны «Kazakhmys Holding» компаниясы іске асырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Жетісу облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайту туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес осы жылдың маусым айында облыс әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі, «Kazakhmys Holding» инвестор-компаниясы Талдықорғанда онкологиялық орталық салу туралы үш жақты меморандумға қол қойған еді.

Аталған уағдаластық негізінде инвестор өз қаржысына орталық ғимаратын тұрғызады, Денсаулық сақтау министрлігі заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етеді, ал әкімдік өз тарапынан инженерлік коммуникациялық желілерін жүргізеді және ішінара құрал-жабдықтар алуға қолдау көрсетеді деп жоспарланып отыр.

«Онкологияны диагностикалау мен емдеу – бүкіл әлемдегі өзекті мәселелердің бірі, сондықтан да оған мемлекет тарапынан басымдық берілген. Бұған дейін облыс әкімінің бастамасымен жаңа заманауи онкологиялық орталық салу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл жаңа орталықта пациенттерді емдеу және диагностикалаудың жаңа тәсілдері қолданылады. Емдеу барысында сызықтық үдеткіш, химиотерапияны емдеу әдістерін пайдаланатын интервенциялық хирургия қолданылады. Бұдан басқа, скрининг орталығы ашылады, бұл халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге өзінің оң әсерін тигізеді», - деп атап өтті Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров.

Сондай-ақ жаңа онкологиялық орталықта гематология, оңалту, клиника фармакология бөлімшелері ашылып, радиология, химиотерапия, маммогинекология бөлімшелері жұмыс істейді.