Танымал актердің түр-келбетіне қарап, "Алтын адамды" қалпына келтірді

0
4 242

Актер өзінің бейнесін алуға қарсы болмаған.


Танымал актердің түр-келбетіне қарап,

Белгілі актердің келбеті «Алтын адамды» қалпына келтіруге арқау болды. Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбенің Темір ауданы Тасқопа елді мекенінің маңынан Сармат көсемінің қорғаны табылған еді. Ғалымдар құнды жәдігер бір ғана аймақтың емес, бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық деп бағасын берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.


Тарихшы ғалымдар мен археологтардың екі жыл бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі бұл. 2019 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институты облыс аумағында археологиялық және этнографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал "Алтын адам" Тасқопа-1 қорымындағы обадан табылған. Кейін консервациялау және реставрациялау жұмыстарына Ресей мамандары да тартылады. "Алтын адамның" бұрынғыдан өзгерек екенін ғалымдар сол кезде айтқан еді. Өйткені, тек жәдігердің бас киімі ғана емес, сауыт-сайман, ат әбзелдеріне дейін таза алтыннан құйылыпты. Тіпті, қасына қойылған атының әбзелдері де таза былғарыдан жасалып, алтынмен безендірілген.

«Өте қуанышты жағдай. Тек облыстың емес, бүкіл Қазақстанға қазақ халқының көне тарихының бетін ашып бердік. Есік қаласынан табылған «Алтын адамнан» өз ерекшелігі бар. Бұл - Қазақстанның батысында табылған құнды дүние. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын осы жерде көне тайпалар болған. Олар сақ тайпаларымен рулас болған», - дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев.

Қорғанға жерленген ер адам екен. Ғалымдардың болжамы бойынша, жасы 40-қа жетпеген. Өзі жауынгер, тайпа басшысы. Әрі ауқатты болған. Мұндай ұйғарымды мамандар сауыты мен қорамсағы, ат әбзелдеріне қарап жасаған. Жауынгердің кескін-келбетін антропологиялық тұрғыда қалпына келтіру мүмкін болмапты. Сондықтан, өзге қорымнан табылған адамды салыстырып, түр-әлпетін жасап шыққан. Көсемнің мүсінін алғаш көргендер қазақстандық актер Мұрат Бисембинге ұқсатып жатты. Қателеспепті.

«Актердің образын алдық. Ол қарсы болған жоқ. Иран тілдес болған нәсілі. Сол сарматтардың түр-тұлғасына келеді. Томиристің әкесінің рөлін сомдаған Спарғаптың образы. Шартты түрде Тасқопа көсемі деп айтып тұрмыз. Көпшілік қалай қабылдайтынын білмейміз. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен тұрғындары арасында конкурс ұйымдастыруымыз да мүмкін. Атауына байланысты», - дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мейрам Дүйсенғали.

Облыстық мұражайда тұрған «Алтын адамның» көшірмесі. Барлық бұйымдардың көшірмелері жоғары сынапты күмістен құйылып алтынмен жалатылып әзірленген. Сармат көсемінің шалбары, жидесі, аяқ-киімі, күртешесі және бас киімі қайта тігілген. Ал түпнұсқа қорда сақтаулы.