Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді

0
339

Сондай-ақ колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасуда.


Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді

Жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп. Осылайша, студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90%-ды құрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыстың 65% машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ға, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 100%-ға дейін өседі.

Сондай-ақ колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасуда. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді.

Маман даярлаудың маңызды бөлігі - бизнеспен ынтымақтастық құру болып табылады. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және шефтік қамқорлық көрсетуге қатысуда.