Қарағанды кәсіпкерлері қауымдастығының вице-президенті Гүлнәр Құрбанбаеваның айтуынша, бүгінде темекі саудасын шектеуге қатысты нормалар заң жобасына енгізілсе де, оның бәрін реттеу жағы әлі де шешілмеген.
ERNUR.KZ. Кәсіпкерлер темекі саудасына қатысты шектеулердің ойдағыдай іске асатынына күмәнданады, деп жазады ҚазАқпарат.
Қарағанды кәсіпкерлері қауымдастығының вице-президенті Гүлнәр Құрбанбаеваның айтуынша, бүгінде темекі саудасын шектеуге қатысты нормалар заң жобасына енгізілсе де, оның бәрін реттеу жағы әлі де шешілмеген. Ондайда жасырын сауда да, сыбайлас жемқорлық та көбейіп жатады. «Ашығын айту керек, Денсаулық сақтау министрлігі темекіге шектеуді қалай реттейтінін талдаған жоқ. Олар белгілі бір тәжірибені ала салды да, бір-екі мысалмен заң жобасына енгізіп қойды. Иә, қауіпсіздік үшін, халық денсаулығы үшін талапты күшейтуге болады. Біз қарсы емеспіз. Бірақ мәселе мынада, шектеу қойғанда қарапайым бір нәрсені ескеру керек. Шектеу бар жерде көлеңкелі экономика кеңейеді, контрабанда көбейеді. Мәселен, темекі өнімдерін сатуға тыйым салсақ, контрафактілік темекінің саны өседі», - деді Г.Құрбанбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзіне қарағанда, шектеулер кезінде тексерістердің саны да артады. Ал оның арғы жағында пара беру сияқты жемқорлық әрекеттер баршылық. «Адал кәсіпкерлер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Олар талаптарды орындауға дайын. Бірақ аталған шектеулердің ойдағыдай іске асатынына күмәнданып отыр. Жасырын сауда мен жемқорлық көбейсе, өз жұмысына адал емес саудагерлер көбейеді. Бизнес бақылаудан қорықпайды. Бизнес түсініксіз талаптардан қорқады. Негізі, бүгінде заң жобасы дайын. Бірақ оған қатысты сұрақтар көп. Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобы бар. Біз министрліктің қоғамдық кеңесінде тағы кездесіп, темекіге қатысты шектеулерді талқылауды көздейміз», - деп атап көрсетті Г.Құрбанбаева.
Айта кетейік, жақында «Атамекен» ҰКП «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстің жобасын қоғам талқысына шығарған болатын. Атап айтқанда, кодексте білім мекемелерінен 100 метр қашықтықта темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, темекі өнімдерін сөреге қоюға болмайды. Ал шағын сауда орындары (ауданы 10 шаршы метрге дейінгі) темекіні мүлдем сата алмайды.
«Атамекен» ҰКП таратқан ақпаратқа сәйкес, 10 шаршы метрге жетпейтін шағын дүкендерге темекі өнімдерін сатуға тыйым салса, мыңдаған сауда орындары банкротқа ұшырайды. Себебі, оларға тиесілі табыстың 30-40 проценті темекіден түседі. Ал «100 метрлік шектеу» республика бойынша сауда орындарының 80 процентін, нақты айтқанда, 49 мың шағын және орта бизнес өкілін шығынға батырады. Бұдан бөлек, кодекс жобасына қоғамдық жерлерде темекі шегуге қатысты бірқатар шектеулер енгізілді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі де темекіні сатуға және шегуге шектеу қою мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.