Күйеуі балалар үйінде тәрбиеленген, бұрынғы әскери қызметкер, жұмыстан шыққанына біраз болған.
Теміртауда өгей әкесі өлімші етіп ұрып, артынан 18 рет пышақтап өлтірген 2 жасар бүлдіршіннің анасы күйеуімен беттескісі келетінін айтады. Бірақ өз өмірі үшін қорқатынын жасырмайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Әйел ер азаматтың баланы еш себепсіз неге мұнша азаптағанын түсіне алмай отыр. Айтуынша, күйеуі балалар үйінде тәрбиеленген, бұрынғы әскери қызметкер, жұмыстан шыққанына біраз болған. Бірнеше жыл бұрын баланы өз атына жаздырып әйелмен заңды некеге тұрған. Екеуі тату-тәтті өмір сүріпті. Әйелдің өзі аспаз болып жұмыс істейді. 21-22-інші наурызда Қарағандыға екі күн жұмысқа кеткен. Күйеуі баласын қарап үйінде қалыпты. Одан мұндайды күтпедім дейді.
"Ол маған хабарлама жазып отырған сәтте баламды баяғыда өлтіріп тастапты. Бұл 22 наурыз болатын. Видеоқоңырау шалайын деп едім, ұйықтаймыз шаршадық деді, мен 23-і келетінімді айттым. Келгенде ол есікті ашпады, қоңырау шалып едім, кілтті подъезге тастап, өзі секіріп өлуге кеткенін айтты. Есікті ашып қан жоса болған баламды көрдім. Өлімші етіп сабап, 18 рет пышақтапты. Не себепті баламды осынша азаптады, соны білу үшін беттескім келеді", - дейді Надежда.
Әйелдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында баланың бұдан бұрын да таяқ жегені туралы жалған ақпарат тарап, халық оны жаппай кінәлай бастаған. Алайда бұған дейін өгей әкесі балаға қол тигізбеді дейді. Айтуынша, қазір оған күдіктінің туыстары қоқан-лоқы көрсетіп жатқан көрінеді. Енді ол құқық қорғау органдарынан көмек сұрамақшы.
Айта кетері, 23 наурыз күні Теміртау қаласында пәтерлердің бірінен 2 жасар баланың азапталған денесі табылған болатын. Оқиға орнынан қашып кеткен 24 жастағы өгей әкесі келесі күні ұсталды.
"Жас баланы өлтірді деген күдікпен Теміртау қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол жасаған қылмысын мойындады", - дейді Теміртау ҚПБ бастығы Мақсат Әшімов.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.