Теміртау қалалық соты өте сирек кездесетін арыз-шағымды қарады. Сот шешімі шықты.
фотоколлаж ERNUR.KZ.
ERNUR.KZ. Ерлі-зайыптылар ажырасып, әйел қалыңдық жасауын, ер адам берген қалың малын қайтаруды талап етті, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, сотқа алдымен әйел арызданды. Ол некеде біраз уақыт болған. Кейін ажырасып, ата-анасының үйіне оралды. Онымен қоймай тұрғылықты жері бойынша Теміртау қалалық сотына жүгініп, ұлттық әдет-ғұрып бойынша неке қию кезінде жасау ретінде берілген дүние мүлігін қайтаруды талап етті.
Бас кезінде сот мамандары ажырасып кеткен ерлі-зайыптыларды татуластыруға тырысты. Бірақ одан ештеңе шықпады. Осыдан кейін азаматтық іс жалпы тәртіппен қарауға жіберілді.
Сот отырысы кезінде арыз түсірген әйелдің бұрынғы күйеуі қарсы шағым түсіріп, қалыңдық үшін төленген қалын малды қайтаруға талап қойды. Судья Шаяхметова екі жақты да қанағаттандыратын шешім шығаруға тырысты.
Сот әйелге тиесілі мүлікті заттай қайтаруды міндеттеді. Ал ер адам талап еткен қалың малдың сомасы ішінара қайтарылды.
"Мұндай сипаттағы істер республика соттарының өндірісіне сирек түседі және мұндай дауларды қараудың бірыңғай тәжірибесі жоқ. Шешімге қарсы шағым жасалмады және заңды күшіне енген. Талапкердің өкілі әлеуметтік желілерде әділ шешім шығарған судьяға алғыс білдірді", - дейді сот мамандары.