​Тілдер мерекесінің датасы неге өзгерді?

0
3 643

5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні.


​Тілдер мерекесінің датасы неге өзгерді?

ERNUR.KZ. Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні. Өткен жылы ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы" үкіметтің қаулысына қол қойды. Қаулыға сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл уақытқа дейін мемлекеттегі Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланатын. Осыдан 29 жыл бұрын 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда "Тілдер туралы" заң қабылданған. Ол заңда сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал 1998 жылдың 20 қаңтарында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды.

Ал еліміздегі тілдер мерекесінің датасы өзгеруінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бүгін барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.

Ахметтің Абай мен Мұхтар, Сәбит пен Қонаевтан несі кем?
"Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз–ақ Ахмет еді" деп Сәкен Сейфуллин баға берген Байтұрсынұлының мұражай–үйі мемлекеттің қамқорлығына зәру. Бұл жайында Байтұрсынұлы мұражай–үйінің директоры Райхан Имаханбет шырылдап қанша уақыттан бері айтып келеді.

Райхан Имаханбеттің айтуынша, Байтұрсынұлының мұражай үйі кейде коммуналдық қызметтің өзіне қарызға батып қалады.

"Ахметтің тікелей туысы өзі басқаратын қоғамдық қорға қарайтын мұражайды уысынан шығарғысы келмейді", – дейді директор.

"Абай мен Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқанов пен Қонаевтың музейі республика қаржысымен қаржыландырылып отыр. Ахметтің солардан несі кем?", – деп жанайқайын жеткізді Имаханбет.

26 жылдан бері мұражайдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Райхан Имаханбет кейде мұражайдың еденін жуып, ауласын өзі тазалайды. Себебі бұл іспен айналысатын басқа ешкім жоқ. Сондықтан мұражай мемлекеттің қамқорлығына өту керек дейді.

"Тәуелсіздік алғалы қазақ тілі күннен-күнге сорлап бара жатыр"

"Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек", – деген Байтұрсынұлы.

"Бүгінде қазақ тілі орыс тілінің аудармасына айналып кетті. Әр ұлттың өз сөз саптауы болады. Ал қазір журналистер орыс тілінен тікелей аударып береді. Мысалы, "асуларды бағындырды" деп жазады. Бұл орыстың "покорил" деген сөзінің аудармасы. Телеарнадағы, баспасөздегі жаңалықты ел көреді. Және соны тура солай қабылдайды. Өткенде қазақтың қызы Канн кинфестивалінде жеңіске жетті. Сол кезде барлығы "қазақ қызы Еуропаны бағындырды" деп жазды. Ол бағындыратын Шыңғыс хан ба? Наполеон ба?", – дейді ақын Мырзан Кенжебай.

Ақынның айтуыныша, кеңес заманында қазақ тілі дәл бүгінгідей сорлаған жоқ.

"Тәуелсіздік алғалы қазақ тілі күннен–күнге сорлап бара жатыр. Халық өзінің сөз саптауынан айырылып, тіліміз тек қана орысшаның аудармасы болып отыр", – деп түйіндеді сөзін ақын.