ТМД елдерінде сотталған қазақстандықтар жазаны өз елінде өтей алады

0
2 061

​Тұрғымбаевтың айтуынша, бүгінде өзге елдерде 280 қазақстандық жазаға тартылған. Оның 251-і Ресейде, 24-і Өзбекстанда, 2-і Қырғызстанда және 3-і Беларусьте.


ТМД елдерінде сотталған қазақстандықтар жазаны өз елінде өтей алады

ERNUR.KZ. Парламент сенаты "ТМД-ға мүше елдердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар бойынша конвенцияны ратификациялау туралы" заңды қабылдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, конвенцияның негізгі мақсаты – әр азаматқа өз жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру.

Конвенцияға Ашхабад қаласында 2019 жылы Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері қол қойды.

"Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады", – деді Тұрғымбаев сенат отырысында.

Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі:

  • сотталушының азаматтығы;
  • оның жазбаша келісімі;
  • сот шешімінің көшірмесі;
  • мінездеме;
  • келтірілген шығын туралы мәліметтер.

Министрдің айтуынша, жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші шешім қабылданған соң 45 күн ішінде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады.

Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған:

  • ұлттық заңнамаға сәйкес, жазасын өтеушінің әрекеті қылмыс болып табылмаса;
  • қылмыстың мерзімі өтіп кетсе;
  • ел тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздікке қауіп болса;
  • жазасын өтеу мерзімі 6 айдан аз болса;
  • ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайларда.

Тұрғымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 447 шетел азаматы пробацияда тұр. Өзбекстаннан – 216, Ресейден – 138, Қырғызстаннан – 38, Армениядан – 5 азамат.

Ал өзге елдерде 280 қазақстандық жазаға тартылған. Ресейде – 251, Өзбекстанда – 24, Қырғызстанда – 2, Беларусьте – 3 адам.

Министр Қазақстан бұл Конвенцияға ескертпемен қол қойғанын атап өтті.

Парламент сенаты Конвенцияны бірауыздан ратификациялады.