Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер ведомствоаралық комиссияның ұсыныстары туралы сұрады.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қосымша шектеулер аясында вакцина салдырмайтындар үшін ПТР-тесттің ақысын кімнің төлейтінін айтты, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер ведомствоаралық комиссияның ұсыныстары туралы сұрады. Атап айтқанда, комиссия мүшелері вакцинадан бас тартқан жұмысшыларға ПТР-тест тапсыру міндетін бекітуді ұсынды.
"Сонда ПТР-тест үшін кім төлеуі тиіс? Жұмысшы ма? Жұмыс беруші ме?", - деді журналистер.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, жұмыс беруші ПТР-тест үшін төлей ме, төлемей ме, оны өзі шешеді.
"ПТР-тест үшін жұмысшы немесе жұмыс беруші төлейді. Жұмыс берушінің өзі шешеді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ескеру керек, вакцина тегін қойылады. Кез-келген адам екпені ақысыз салдыра алады. Бәрін мемлекет төлейді. Осының арқасында шығын шығармай-ақ, денсаулықты да, отбасыны да қорғауға мүмкіндік бар, я болмаса, ақша шығаруға тура келеді", - деді Цой.
Осы орайда министр жұмыс берушінің вакцинадан бас тартқан адамның ПТР-тестін төлеуге мүмкіндігі болмаса, жұмысшының өзі апта сайын коронавирусқа тест тапсырып отыруға міндетті болатынын жеткізді.
Айта кетейік, коронавирус инфекцияcының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігеріне карантинді күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды ұсынды. Олар:
- COVID-19-ға қарсы вакцинасыз (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) қызмет көрсету саласының қызметкерлері, ірі ұйымдасқан ұжымдар (өнеркәсіптік кәсіпорындар) үшін жұмысқа кіруге шектеу енгізу;
- КВИ-ға қарсы вакцина алудан бас тартатын (КВИ-ға қарсы вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтар) қызмет көрсету саласының, өнеркәсіп кәсіпорындарының және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабын енгізу;
- "Ashyq" жобасына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін қосу үшін, сондай-ақ жоба аясында жұмыс істеп тұрған субъектілердің жұмысын одан әрі жалғастыру үшін барлық персоналды (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) вакциналау қажеттілігі жөнінде талап енгізу;
- "Ashyq" жобасына сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері мен азық-түлік емес базарларды қосу.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің тиісті қаулысы шыққаннан кейін осы талаптар заңды күшіне енеді.