Түрік азаматымен ойнас жасады деп үйінен қуылған әйел шындығын айтты

0
1 996

Көпбалалы ананың сөзінше, күйеуі өзімен ажырасып, ештеңесіз қалдыруды алдын ала ұйымдастырған.


Түрік азаматымен ойнас жасады деп үйінен қуылған әйел шындығын айтты

ERNUR.KZ. Түрік азаматымен ойнас жасады деп үйінен қуылып, балаларынан аластатылған келіншек қазір экс-күйеуімен соттасып жатыр, деп жазады nur.kz.

Оның айтуынша, күйеуі өзін түрік жігітпен көңілдес болды деп сөзбен айыптағанымен, оған нақты дәлелі жоқ. Ал аудиожазбаларды қызғаншақ азамат қасақана ұйымдастырып отыр екен.

«Түрік азаматы менен бірнеше жас үлкен, өз жанұясы бар , бірге жұмыс істедік. Әріптесіміздің туған күнін атап өтіп, барлығымыз дәмханада биледік. Барлық ұрыс содан басталды, ол менің жұмысыма келіп, туған күн кешіндегі жазбаны қарап, би үшін «ойнассың» деп айыптай бастады. Ол кісі (экс-күйеуі - ред) тіл маманы, әңгіменің түбін түсіріп, кез келген адамды дегеніне көндіріп алады. Ал аудиожазбаны жазатын кезде мені әбден ашуландырып, солай айтуыма үгіттеді. Аузына келгенін айтып, барлығына тиісіп жүйкеме тиген кезде «иә, мен көзіңе шөп салдым» деп айттым. Мен бұл сөзді оның ашуына тию үшін ғана айтқан едім. Шын мәнінде, бес баламды тастап қалай мен бөтен еркекпен көңілдес боламын? Тіпті, кенже қызымызды «ойнастан тудың» деп айтқан. Енді бет-әлпеті өзінен аумай тұрғанын көріп, оны да менен тартып алмақшы», - дейді келіншек.

Айманның сөзінше, білдей университетте сабақ беретін ғалым күйеуі өте қызғаншақ болыпты.

«Маған қол көтеруді 2015 жылы бастады. Тіпті, ауыр соққы салдарынан ішімдегі бір баламыз түсіп қалса, екінші қызды мен уақытынан бұрын босанып, кейін ол шетінеп кетті. Ажырасқанға дейін біз Астанада тұрдық. Мені соққыға жығып, үйдегі дүниені қиратқаны үшін бірнеше рет полиция да шақырғанбыз. Оның барлығы учаскелік полицияда тіркелген. Үйдегі ұрыстың негізгі себебі қызғаныш еді»,- дейді келіншек.

Көпбалалы ананың сөзінше, күйеуі өзімен ажырасып, ештеңесіз қалдыруды алдын ала ұйымдастырған. Яғни, ол алдымен ортақ үйді сатып, содан кейін ғана сотқа арыз түсірген.

«Ортақ үйімізді сатты, кейін ажырасып, сотқа барғанда балаларды бағуға менің еш құқымның жоқ екенін айтып отыр. Яғни, не үйі, не жұмысы жоқ адам қалай бала бағады дейді?! Осы ісіне қарап, оның менен құтылып, далада қалдыруды алдын ала жоспарлағанын білуге болады. Бірақ мен соттың соңына дейін барып, балаларды өзіме қайтарамын», - дейді ол.

Көпбалалы келіншек қазір кенже қызымен «Ана үйін» паналап отыр. Сот үкімі шыққан соң Астанаға барып, жұмысын жалғастырып, ата-анасының қолдауымен кәсіп ашуды жоспарлауда.

Естеріңізге сала кетсек, алматылық келіншекті күйеуі «түрік азаматымен көзіме шөп салды» деп айыптап, төрт баласын тартып алып, өзін үйден қуып жіберген еді.