Үкімет Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады

0
1 874

Балық саласын дамыту үшін оңтайлы жағдай жасауға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды қысқартуға бағытталған заңнамалық түзетулер Парламенттің қарауында жатыр, бұл саланың одан әрі дамуына серпін береді.


Үкімет Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балық саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандағы балық саласының жай-күйі мен даму перспективалары туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, "Grand Fish" ЖШС басшысы Сергей Медведев, "Қарағанды-Осетр" ЖШС директоры Дмитрий Абильдин баяндады.

Балық саласын дамыту үшін оңтайлы жағдай жасауға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды қысқартуға бағытталған заңнамалық түзетулер Парламенттің қарауында жатыр, бұл саланың одан әрі дамуына серпін береді.

Балық саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі әзірленген бағдарламасы аясында балық өнімдерінің өндірісін шамамен 30 есеге – 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, 500-ден астам жаңа шаруашылық пен 50 мың жұмыс орны құрылады. Балық өнімдерінің экспорты жылына 30 мың тоннадан 136 мың тоннаға дейін артады, импорт жылына 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендейді. Сонымен қатар балықты ішкі тұтыну екі есе – 2020 жылғы 67 мың тоннадан 2030 жылы 134 мың тоннаға дейін ұлғайтылады.

"Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Бұл тұрғыда балық шаруашылығы перспективалы бағыттардың бірі. Мамандардың пікірінше, еліміз балық саласын дамыту бойынша елеулі әлеуетке ие", – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Балық саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының іс-шараларын уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.