"Украина мұны ұмытпайды": Зеленский Қазақстанға не үшін алғыс айтты

0
777

Украина басшысы Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды әрі уақытпен сыналған серіктес екенін атап өтті.


ERNUR.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский Қазақстанға адамдарды эвакуациялау мен медициналық жүкті жеткізуге көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Бұл туралы ол Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевтан сенім грамоталарын қабылдау кезінде мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Владимир Зеленский Қазақстанмен бірлесе жүргізілген ұйымдасқан жұмысқа жоғары баға берді. Соның нәтижесінде Қытайдан Украинаға медициналық жүк жеткізіліп, екі елдің жүздеген азаматы отанына оралған еді.
Қазақстан елшісі Дархан Қалетаев Украина президенті Владимир Зеленскийге сенім грамоталарын табыстады
"Украина және украин халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Өкінішке қарай, достық осындай сын сағатта сыналады", -деп атап өтті Зеленский.
Украина басшысы Дархан Қалетаевты елде дипломатиялық жұмысының басталуымен құттықтап, коронавирус пандемиясына қарсы күрес Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынастың жандануына кедергі келтірмеуі тиіс екенін айтты.
"Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды әрі уақытпен сыналған серіктесіміз", - деді Украина президенті.
Салтанатты рәсім аясында өткен әңгіме барысында Дархан Қалетаев Қазақстанның жоғарғы басшылығының Украинамен кең ауқымды мәселелер бойынша прагматикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растады.
Сонымен бірге, ол екі ел халықтарының тығыз тарихи байланысы мен екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін атап өтті.