Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімнің себептерін түсіндірді

0
482

Азық-түлік өнімдері бойынша баға біршама өсуі мүмкін.


Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімнің себептерін түсіндірді

ERNUR.KZ. Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті 2022 жылы 6 маусымда базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. ҚҰБ Төрағасы Ғ.Пірматовтың айтуынша, бұл шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделген, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Біз Қазақстандағы макроэкономикалық жағдайдың одан әрі дамуына қатысты күтулерді жаңарттық. Ұлттық Банк осы жылдың қорытындысы бойынша, инфляция 13-15% деңгейінде қалыптасады деп күтеді. Сыртқы және ішкі нарықтардағы баға динамикасын ескерсек, азық-түлік өнімдері бойынша бағада біршама өсім болуы мүмкін», - деді ол.

Ғалымжан Пірматов атап өткендей, болжам үкіметтің тұтыну нарықтарын теңгерімді дамытуға бағытталған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды ескере отырып жасалған. Осы шаралар кешені сәтті жүзеге асырылған жағдайда инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін.

«Инфляция үшін тәуекелдер көп жағдайда инфляцияның жаһандық жеделдеуімен, әлемдегі геосаяси жағдай аясындағы белгісіздікпен және сыртқы инфляцияның импортымен байланысты. Инфляцияны жеделдетудің ықтимал ішкі факторлары көбіне жұмсақ фискалдық саясатты сақтаумен, жоғары инфляциялық күтулермен, сондай-ақ, реттелетін қызметтер бағасының өсуіне мораторий аяқталғаннан кейін ақылы қызметтер инфляциясын жеделдету ықтималдығымен байланысты», – деп атап өтті Ұлттық банк Төрағасы.

ҚҰБ ұсынған болжамдарға сәйкес, 2022 жылы экономика өсімі 2,8-3,8%-ды құрайды. Бұл жыл соңына дейін барлық негізгі саланың оң серпінін сақтауды бағалаумен байланысты. Алайда, геосаяси дағдарыс, сыртқы сұраныстың төмендеуі және жеткізілімдер тізбегін қайта құру – экономиканың өсу қарқынын тежейтін болады.

Ғалымжан Пірматов аталған факторларды және инфляциялық тәуекелдердің тепе-теңдігін ескере отырып, реттеуші жаңа күйзелістер көрініс таппаған жағдайда базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейін сақтау – орта мерзімді перспективада бағаның өсуін тежейді деп санайтынын атап өтті.

«Ұлттық банк әлемдік нарықтардағы жағдайды, геосаяси дағдарыстың дамуын және инфляцияға қарсы тәуекелдердің жүзеге асырылуын бақылауды жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша одан әрі шешімдер инфляцияның нақты динамикасының болжамды траекторияға сәйкестігіне, сыртқы ортадағы және ішкі экономикадағы туындайтын тәуекелдердің теңгеріміне қарай қабылданады», - деп қорытындылады Ғ.Пірматов.