Ұлытаулық ана сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

0
488

Бала Ұлытау облысындағы қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған.


Ұлытаулық ана сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

ERNUR.KZ. «Дәрігерлердің салғырттығынан баламнан айырылдым». Осылай деп зар жылаған ана кінәлілер заң аясында жазаланса дейді. Сәтбаев қаласының тұрғыны Салтанат Байсалбаева наурызда қызын қара жердің құшағына тапсырған. Қайғыдан қан жұтқандар бүлдіршіннің Ұлытау облысындағы қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмғанынн айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Салтанат Байсалбаеваның отбасы қазір қара жамылып отыр. Екі ұлдан кейін өмірге келген Дария есімді қызы небәрі 1 жыл 7 ай өмір сүрді. Асыға күткен сәбиінің көрер жарығы таусылғанына ана жүрегі сенер емес. Оның сөзіне сенсек, 3 наурызда бүлдіршіннің мазасы кетіп, құса бастаған. Баласының жағдайына алаңдаған ана жедел жәрдем шақыртып, Сәтбаев қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне дереу жеткен. Алайда аурухана баланы қабылдамайды.

«Біз инфекциялық ауруханаға бардық. Ол жерде дәрігер келді, оның өзін 20-30 минут күттік. Бір ер адам шықты да баланы қарап, «жағдайы жақсы, үйге қайтарамыз» деді. Дәргердің көзінше тағы құсты. Дәрігер берген дәрі мен су беріп отырдым. Ертесі емханаға бардық», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Салтанат Байсалбаева.

Емханадағы учаскелік дәрігердің нұсқауымен қайтадан ауруханаға барғанда сәби әлсіреп, ауруы одан бетер мазасын алған. Баланың жағдайын көрген инфекциялық бөлімшенің дәрігері оны қабылдаудан бас тартып, реанимациялық блокқа жіберген. Ана «біз үшін әр сәт құнды болғанда, ақ халаттылар балама ем-дом көрсете алмады, тіпті кататерді орнатуға қиналды» дейді. Ал түнімен мазасы кеткен бүлдіршінге келесі күннің таңында дәрігерлер көмек көрсетуге оқталғанымен, бала жіті ішек инфекциясы салдарынан уланып, қайтыс болып кетеді.

«Баламның өліміне дәрігерлер кінәлі деп ойлаймын. Себебі олардер кезінде көмек көрсеткен жоқ. Бас прокуратураға және Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш қалдырдым. Тексеру жүріп жатыр. Қорытындысын алып, полиция бөліміне арыз жазамын», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Салтанат Байсалбаева.

Бұл жағдайды айтып, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне байланысқа шықтық. Жауапты тарап баланың қайтыс болу фактісін растады.

«Бұл жағдай бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін түсініктеме береміз», - деп мәлімдеді Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы.

Бауыр еті баласынан айырылған ананың жалғыз тілегі – мұндай жағдай қайталанбауы үшін жауаптылар заң аясында жазалау.