Бұған ата-аналардың бос болмауы, балаларының қауіпсіздігіне салғырт қарауы себеп.
ERNUR.KZ. Павлодар қаласында бір жарым жасар ұл бала көпқабатты үй терезесінен құлап, аман қалды, деп жазады baq.kz.
Облыстық балалар ауруханасының травматолог-дәрігері Ардақ Айтмұхамедұлының айтуынша, көктем-жаз айларында жарақаттар бөліміне түсетін балалар саны бірнеше есе өседі. Олардың қатарында биіктіктен құлау оқиғалары да жиілейді.
Сәби төртінші қабаттың терезесінен құлады. Сол сәтте анасы тұрмыстық жұмыстармен айналысып жатқан болып шықты. Дәрігерлер бригадасы жедел түрде компьютерлік томографиялық зерттеу жүргізді. Балаға жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. Қазір баланың жағдайы тұрақты, жарақат орташа деңгейде. Қарқынды терапияны талап етпейді, бірақ жарақаттар бөлімінде ем қабылдайды. Бұл – бірегей әрі өте сирек кездесетін оқиға. Ұл баланың қол-аяғы мен бас сүйегі аман, еш жері сынған жоқ. Жедел-жәрдем жеткен кезде есінен танып қалмаған күйде болды. Оның өміріне еш қауіп жоқ. Тек дәрігерлердің динамикалық қарауы керек. Ем барысында диагностикалық ем-дом шаралар қолға алынады, - дейді Ардақ Айтмұхамедұлы.
Сала мамандарының айтуынша, балалардың жарақаттануын алдын алу шаралары көптеп ұйымдастырылғанымен, қайғылы оқиғалар азаймай тұр. Бұған ата-аналардың бос болмауы, балаларының қауіпсіздігіне салғырт қарауы себеп. Профилактикалық шараларды денсаулық сақтау саласының ғана емес, ювеналды полиция өкілдері тұрақты жүргізіп келеді.
Ақ желеңділердің айтуынша, терезедегі москитті тор баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Ол үшін темір торларды орнату керек. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, бір жыл ішінде 21 оқиға тіркелсе, үстіміздегі жылдың үш айында жеті бала терезеден құлаған. Олардың ішінде көз жұмғандары жоқ.