Ол былтыр мамыр айында 3 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған.
Алматы облысында ұсталған мас жүргізушінің былтыр сот шешімімен көлік басқару құқығынан 3 жылға айырылғаны анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талғар ауданының жол сақшылары аудан орталығында автопатрульдеу кезінде жүрісі күмән тудырған «Volkswagen Passat» көлігін тексеру мақсатында тоқтатқан. Полицейлердің қыралығы алдамай, көлік тізгініндегі тұлғаның масаң күйде екені анықталған.
«Талғар қаласының 39 жастағы тұрғыны масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Ол былтыр мамыр айында ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін 3 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған болатын. Заңға қайшы әрекетін тағы қайталағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,- деп хабарлады Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Қасым.
Полиция басшысының ақпаратына сәйкес, медициналық куәландыру кезінде жүргізушінің орташа дәрежеде мас екені дәлелденген. Ащы судан ішіп алып, темір тұлпарын тізгіндей беретін құқық бұзушының автокөлігі арнайы тұраққа қойылды және оған қатысты қылмыстық іс материалдары жақын арада сот органдарының қарауына жолданады.