Шуковтың өліміне қатысы бар деген күдікпен екі ауылдасы ұсталды. Олар оқиғаның қалай болғанын айтып, істі мойындады, бірақ марқұмның тірі болғанын айтты.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысындағы Магистральное ауылының екі тұрғыны балық аулау кезінде ауылдастарын өлтірді деген күдікке ілінді. Туыстарының болжамы бойынша адам өліміне әкеп соққан нәрсе соққы болған. Күдіктілер барлығын видеокамераға түсіріп алған көрінеді, деп жазады Stan.kz.
Магистральное ауылының тұрғыны Наталья Шукованың сөзінше, 30 шілдеде ағасы Олег Шуков ауылдастарымен бірге балық аулауға кеткен. Бір күннен кейін ер адам өлі күйінде табылды.
"Сол күні олар балық аулауға кетті, ағам өзімен бірге видеокамера алып кетті, ол табиғатты, балық аулау процесін түсіргенді ұнататын. Сол жерде олар ішкен көрінеді, араларында жанжал туындаса керек. Екі ауылдасы оны мазақ етіп, суға батырып, ұрып-соққан, кеудесін сындырып жіберген.
Ең сорақысы, осының барлығын видеоға түсіріп, кейін туыстарына көрсеткен. 31 шілдеде ағамды өзен жағасынан тауып алды, оның қайтыс болғанына біршама уақыт өтіп кетіпті. Мен ол кезде Ресейде болдым. Әуелі оның суға батып кеткенін айтты, сосын жүрегінен жарақат алғанын айтты, сөйтсек, оны өлтіріп тастаған екен", – дейді Наталья Шукова.
Шуковтың өліміне қатысы бар деген күдікпен екі ауылдасы ұсталды. Олар оқиғаның қалай болғанын айтып, істі мойындады, бірақ марқұмның тірі болғанын айтты.
Полиция фактіні растап, сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы "Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша алдын ала жүргізіліп жатқанын айтты.
Іс бойынша Олег Шуков өлімінің шынайы мән-жайын көрсететін барлық қажетті сот-медициналық және биологиялық сараптамалар тағайындалды.
Видеокамерадағы жазбаларды полиция сотқа дейінгі тергеу деректер деп атап, оны жария етуге жатпайтынын атап өтті.