Ол мұғалім қазір халықаралық мектепте жұмыс істемейді.
ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Астанадағы халықаралық мектептегі жұмысынан қуылған шетелдік мұғалімге қатысты пікір білдірді, деп жазады baq.kz.
"Біз халықаралық мектептен ресми жауап алдық. Джексон мырза ғылым докторы екен. Ол мектепте іріктеу мен тексеріс қатаң жүргізіледі. Сонымен қатар, шетелдік ұстаз біздің елге келіп, оқушыларға сабақ бергенде, біздің еңбек заңымызға бағынады, сол бойынша тексеріледі. Еңбек заңнамасына сәйкес, шетелдік мұғалімнің жұмысына қатысты бірде-бір ескерту болмады", - деді вице-министр.
Оның айтуынша, ол мұғалім қазір халықаралық мектепте жұмыс істемейді.
"Біз тиісті хатты ішкі істер министрлігіне жолдадық, құзырлы органдар бұл мәселемен айналысады деген үміттемін. Мұғалімнің кінәсі әзірге дәлелденбегендіктен, оны айыптай алмаймын. Кінәсі дәлелденген кезде, егер де шынымен, осындай факті болған болса, біз бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша хабарлаймыз", - деді Суханбердиева.
Вице-министр Қазақстандағы халықаралық мектептер ұстаздарды өздері іріктеп, жұмысқа қабылдайтынын айта кетті. Сондай-ақ мұғалім осында келіп, балаларға сабақ бергеннен кейін министрлік те жауапты болатынын айтты.
Айта кетсек, осыған дейін бірқатар БАҚ-та елордадағы халықаралық мектепте шетелдік мұғалімнің оқушыларға ебедейсіз қылық көрсеткені анықталғаны хабарланған еді. QSI (Quality Schools International) халықаралық мектебінің мұғалімі оқушыға қатысты "орынсыз әрі кәсібилігіне жат әрекет" жасағаны үшін жұмыстан қуылған.