Заң күшіне енген екі айда қоғамдық орында балағат сөз айтқан 400-ге жуық адам қамаққа алынған

0
798

Айыппұлдың жалпы көлемі – 27,5 млн теңге.


 Заң күшіне енген екі айда қоғамдық орында балағат сөз айтқан 400-ге жуық адам қамаққа алынған

ERNUR.KZ. 2023 жылдың 6 наурызынан бастап қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 69 мың теңге айыппұл салатын заң күшіне енген болатын. Қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Р. Әлкенов заңның күшіне енгеніне екі айға жуық уақытта қанша адам айыппұл төлегенін айтты, деп жазады kaz.nur.kz.

Қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады.

"2023 жылдың 6 наурызынан 24 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы бойынша 925 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген nege.kz сайтына бас прокуратурадан келген жауапта.

Сайт мәліметінше, осы аралықта 925 адам жауапқа тартылып, 566 адамға айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы көлемі – 27,5 млн теңге. Сайт ақпаратынша, заңда айыппұлдан бөлек 15 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған. Белгіленген аралықтың ішінде 359 адамға қатысты әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылып үлгерген.

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының санкциясы бойынша айыппұл және әкімшілік қамаққа алуға әкеледі. Қоғамдық жұмыс Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде көзделген. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы барлық статистикалық есептер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің баптары бойынша қалыптастырылады", – делінген nege.kz сайтына бас прокуратурадан келген жауапта.