Заңсыз такси жүргізушілердің көлігі айыптұраққа қойылады

0
610

Әділет министрлігі Әкімшілік кодекске енетін бірнеше ереже әзірледі.


Заңсыз такси жүргізушілердің көлігі айыптұраққа қойылады

Әкімшілік кодекске бірқатар түзету енгізуді ведомство 2021 жылы ұсынған. Бірақ олардың бәрі бірдей тексерістен өтпеді. Қазір жаңа жоба талқыланып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Kolesa.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа жобада көлікті айыптұраққа жіберуге және жүргізуге тыйым салатын 797-бапты «Тиісті тіркеу, рұқсат немесе ескертусіз жеке кәсіппен не басқа қызметпен айналысу» деген 463-баппен толықтыру ұсынылды. Бұл норма қызметін ресми рәсімдемей, жолаушы тасымалдайтындарға қатысты.

Заңды бұзған жеке тұлғаға 15 АЕК (2022 жылы 45 945 теңге), лауазымды тұлғалар мен шағын бизнес субъектілеріне 25 АЕК (76 575 тг), орта бизнес субъектілеріне 40 АЕК (122 520 тг), ал ірі кәсіпкерлерге 150 АЕК (459 450 тг) айыппұл салып, ереже бұзуға қатысқан мүлкін тәркілеу көзделген. Әрекет бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады.

Осылайша, тәртіп сақшылары заңсыз адам тасып жүрген таксистің көлігін айыптұраққа жіберу құқығына ие болады. Бірақ оларды қалай анықтайтынын шенділер құжатқа жазбапты.

Жылдамдықты 80-нен асырсаң, қосымша айыппұл төлейсің

Әкімшілік кодекске жылдамдық асырудың тағы бір шегі қосылуы мүмкін. Қолданыстағы заңның 592-бабы бойынша рұқсат етілген жылдамдықтан сағатына 40 км және одан көп асырған жүргізуші 20 АЕК (61 260 теңге) айыппұл төлейді. Жаңа жобаның авторлары тағы бір шек (80 км/сағ және одан жоғары) қосып, 40 АЕК (122 520 теңге) айыппұл салуды ұсынып отыр.

Шлагбаум астынан өту мен қалтаға салмақ түсіретін тағы бірнеше әрекет

Теміржол өткелінен өту ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін 10-нан 20 АЕК-ке (30 630-дан 61 260 теңгеге) көтеріп, бұл әрекет қайталанса, 6-дан 12 айға дейін машина жүргізу құқығынан айыру ұсынылды.

Заң бойынша қарсы бетке өтсе де, куәлігінен айырылмайтын мүгедектігі бар азаматтар кодекске өзгеріс енгеннен кейін мемлекетке 30 АЕК (91 890 теңге) төлеуі мүмкін.

Жоба авторлары тұрақ ақысын уақытылы төлемеген тұрғындарға 3 АЕК (9 189 теңге) айыппұл салуды жоспарлап отыр. Яғни, бұдан былай «мен тұрақ ақысын төлеуден бас тартқан жоқпын, тек үлгермей қалдым» деген сылтау жарамайды. Қызық, мұны қалай дәлелдер екен?

Жоба авторлары Техникалық тексеріс орталықтарын да назардан тыс қалдырмады. Енді жалған қызметі үшін ақы алатындар 300 АЕК-ке (918 900 теңге) дейін айыппұл арқалайды және ресстрден алынады. Сонымен қатар ішкі істер органдарына:

- көліктің нөмірлі агрегатын (шасси, шанақ) өзгерту, оның КҚТК деректеріне сәйкес келмеуі;
- мемлекеттік нөмірі жоқ немесе құжаттағы мәліметке сәйкес келмейтін машина тексеріске келгені;
- құрылымына, оның ішінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін қосымша жабдық, қосалқы бөлшек және құрама бөліктері өзгертілген автомобильдің тексеріске келгені туралы жазбаша ақпарат бермеген орталық қызметкерлері 30 АЕК (91 890 теңге) айыппұл төлейді.