Зейнет жасына жақындағандар «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа орналасады

0
532

2022 жылға арналған жоспар бойынша жылдың аяғына дейін Жұмыспен қамту орталығы 22 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына тартады.


Зейнет жасына жақындағандар «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысқа орналасады

ERNUR.KZ. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз орталығындағы брифингте айтылды, деп жазады baq.kz.

"Зейнеткерлікке жақындаған азаматтарымыз зейнет жасына 2 жыл қалғанда «Күміс жас» бағдарламасына жолданады. Бұл бағдарлама бойынша жалақының 50 пайызын жұмыс беруші, қалған 50 пайызын мемлекет төлейді. Егер бұл бағдарламаға қатысамын деген, зейнетке шығуға 2 жыл уақыт қалған жұмыссыз азаматтар бар болса, Жұмыспен қамту орталығында күтеміз. Осындай жұмыс орындарын құрам деген жұмыс берушілер бар болса, сіздерді де күтеміз", - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов.

«Күміс жас» бағдарламасы биыл бірінші рет жүзеге асып отыр. Бағдарлама бойынша әзірге 1 адам ғана жұмысқа жолданды, бірақ жылдың соңына дейін 255 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланған.

"Жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығына өтініш беріп, зейнет жасына 2 жыл қалған адам үшін жұмыс орнын ұйымдастыруы керек. Зейнет жасына жақындаған азаматтардың жұмыс беру нарығында бәсекелестікке қабілеті төмен болғандықтан, мемлекет оларға арнайы бағдарлама жасап отыр. Мемлекет беретін максималды өтемақы сомасы 30 МРП-ны, яғни қазіргі кезде 91 мың теңгені құрайды", - деді Байтасов.

Айта кету керек, 2022 жылға арналған жоспар бойынша жылдың аяғына дейін Жұмыспен қамту орталығы 22 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына тартады. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 7 мың адамды орналастырады.