Жалған ПТР тест анықтамасын сатқандар ұсталды

0
2 643

​Күдіктілердің жұмыс кабинеттерінен тұрғындардың ПТР тестен өткендігі туралы 60 құжат табылып, жалған анықтамаларды басып шығарған компьютерлік техника мен мөр тәркіленген.


Жалған ПТР тест анықтамасын сатқандар ұсталды

ERNUR.KZ. Жуырда Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары азаматтарға жалған анықтамаларды саудалап келген медқызметкерлерді құрықтады. Олар коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін ПТР сынаманы 7 мың теңгеге бағалап сатқан, деп жазады inbusiness.kz.


«Жедел топтың тергеуі барысында екі азаматшадан 37 мөр тәркіленді. Әртүрлі дәрігерлердің қолдары да бар. Бұл іске қанша адамның қатысы барын анықтайтын боламыз», –деді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Сұлтан Пірметов.


Жалған анықтама жасаушы қызметкерлер екі медициналық мекеменің өкілдері. Бірақ олар бір-бірімен тығыз байланыста, ұйымдасқан түрде жұмыс істеген.


«Медқызметкерлердің қылмысына байланысты тергеу басталды. Олар былтырдан бері ПТР-сынамасының теріс нәтижесі көрсетілген жалған анықтамаларды сатып келген. Негізінен вахталық жұмысшыларға, саяхатқа шығушыларға, Байқоңыр қаласына кіру және басқа да мақсатта пайдалану үшін анықтамалар берілген»,– дейді агенттіктің ерекше маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.


Сондай-ақ олар Ұлттық сараптама орталығының аймақтық бөлімшесінің лауазымды тұлғаларына пара беру арқылы заңсыз сыйақы алғаны белгілі болды.