Жамбыл облысы қоршаған ортаға ерекше көңіл бөліп жатыр

0
330

Жамбыл облысында үш жарым мыңнан астам мәдени-тарихи ескерткіш, екі жүзден астам ежелгі қалажұрт, айрықша қорғауға алынған онға жуық табиғи аймақ пен тау баурайында отыздан аса шатқал бар.


Жамбыл облысы қоршаған ортаға ерекше көңіл бөліп жатыр

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау, экологиялық туризмді насихаттай отырып табиғаттағы проблемаларды шешу маңызды жұмысқа айналып отыр. Осы ретте, аталған бағыттар бойынша Әулиеата өңірінде атқарылып жатқан біршама жұмысқа арнайы тоқталып, «Жасыл Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын сөз етпекпіз.


Атап өтсек, өткен жыл түйінделер тұста Жамбыл өңірінің басшысы Қарашөкеев Ербол облыстағы туризм саласының мамандарымен жүздесіп, туризмді дамыта отырып, табиғатты қорғау тақырыбында сөйлескен. Жиында облыс әкімі Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени орындарды дұрыс пайдалана алса, өңір туризмін дамытуға зор ықпал болатынын жеткізген. Ал, мамандар мен туроператорлар туристік инфрақұрылымды жақсарту, түрлі іс-шаралар ұйымдастыру, креативті идеяларды іске асыру бойынша пікірлерін ортаға салған.

Аталған жиында өңір басшысы облыс аумағындағы табиғи ресурстардың да әлеуеті жоғары екендігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды асқан ұқыптылықпен атқару керектігін тапсырды. Жалпы, өңірде 2025 жылға дейін туризм бағытын өркендететін, жалпы құны 10 миллиард теңгеге жуықтайтын жеті жоба жүзеге асырылмақ. Ал, қазіргі таңда Жамбыл облысында үш жарым мыңнан астам мәдени-тарихи ескерткіш, екі жүзден астам ежелгі қалажұрт, айрықша қорғауға алынған онға жуық табиғи аймақ пен тау баурайында отыздан аса шатқал бар екен.


Экологиялық тұрғыдан қарағанда мыңдаған гектар жерді ел меншігіне қайтарып, кім-көрінгеннің қалай болса солай пайдалануына жол бермеу де өзекті проблема. Сәйкесінше, ел президенті дәл осы жұмысқа байланысты тапсырма беріп, Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық, өткен жылы өңірдегі бес жүзден аса тұлғаның меншігінде болған 200 мың гектардан астам алқап мемлекетке қайтарылған. Ал, 2024 жылы жүз мыңға жуық жер қайтарылмақ.

Ал, жағылған отынның қоршаған ортаға зиянын азайту мақсатында 2023 жылы өңірдегі оннан аса ауылған табиғи газ тартылып, қазіргі таңда барлығы 285 елді мекен халқы көгілдір отын тұтынып отыр. Халықты табиғи газбен қамту көрсеткіші 91 пайыздан асқан. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғастырылып, былтыр басталған 36 жобаның 25-і жүзеге асырылып жатыр. Биыл да оннан аса ауыл көгілдір отынға қосылатын болады.


Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – «AMK Global GmbH» деп аталатын германиялық инвестор облыс орталығынан қатты қалдық заттарды өңдейтін нысан салмақ. Компания өкілдерінің айтуынша, жоспар бойынша мұнда жүз жұмыс орны құрылып, күн сайын бес жүз тонна қалдық өңделеді. Ал, бұл жобаны жүзеге асыру үшін жүз қырық миллион еуро инвестиция салмақ. Осылайша, әлемдегі ең үздік оқу ордаларында жасалған жобаларды қолданатын компания қатты заттардың сексен паййызын қйта өңдеп, іске жаратпақ. Мұнда қалдықтарды өңдейтін автоматтандырылған жүйе де болатын көрінеді. Сонымен бірге, көміртегі, азот сынды өнімдер де дайындамақ.


Облыс басшысы да мұндай зауытты салудың өте маңызды екендігін айтып отыр. Сәйкесінше, облыс әкімдігі табиғатты қорғауға арналған идеяларды әрдайым қолдауға дайын екен. Ал, облыс орталығындағы басшылар мен жұмысқа қатысты компаниялар бірлесе қызмет атқаратын болады.


Сондай-ақ, бір ай бұрын өңір басшысының қатысуымен қоқыстарды басқару тиімділігін көтеру бойынша мәжіліс өтті. Жиында белгілі болғандай, былтыр облыста 56 мың тоннадан аса қоқыс жиналып, оның 20 пайызға жетер-жетпесі ғана сұрыпталған екен. Сонымен қатар, жиында облыс орталығы мен бірнеше ауданда қоқысты жинап, тазалау жұмыстары жолға қойылмағаны мәлім болды. Бұдан бөлек, өңңір басшысы қалдықтарды басқару жобасының дұрыс дайындалмағанын сынға алып, жауаптыларға тапсырмалар берді. Оған қоса, қатты қалдықтар мен қоқыстарды жинаудың және қайта өңдеудің жол картасын дайындауды жүктеп, аталған сала бойынша тартылған инвестициялық жобаларды бақылауда ұстау керектігін айтты. Демек, облыс басшылығы қоқыс пен қалдықты тазалап, қайта өңдеуге басымдық беріп отыр деген сөз.

Айтса айтқандай-ақ, бір жұма бұрын облыс әкімі қоқыстарды басқару саласын жақсарту бойынша берген тапсырмаларын пысықтапты. Сол жиында салаға қатысты кәсіпкерлер пікірін білдіріп, арнайы техникалар сатып алатындықтарын айтты. Өз кезегінде облыс әкімі нақты ұсыныстарын дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, Е.Қарашөкеев саладағы жұмыстар баяу жүргізіліп жатқанын жеткізіп, істі ширатуды жүктеді.


Осы орайда елімізде аталған бағыттағы идеяларды қаржыландырудың жеңілдетілген жаңа жолдары дайындалған болатын. Бұл бағдарлама арқылы қоқысты жинап-тасу, қайта өңдеу және осы мақсатта зауыт тұрғызу, қоршаған ортаны қорғаудың тиімді тетіктерін тауып, базаны жетілдіру сынды жобаларға қаржы бөлуге болады. Бұл қаржының жылдық үстемесіз үш пайыздан жоғары болмайды және үш жыл мен он бес жыл аралығындағы мерзімге беріледі.


Жамбыл өңірінде табиғат пен табиғи ресурстарды қорғауға қырағы сақшылар да үлес қосып, бассыздыққа баратындарды жазалап жатыр. Мәселен, бірер күн бұрын ғана басқармаға қарасты қызметкерлер Қызыл кітаптағы қарақұйрықты атып алу бойнша үш дерек анықтады.Тергеп-тексеру нәтижесі бойынша мемлекеткен 13 миллион теңгеден аса шығын келтірілгені анықталды.

Қорыта келе, Жамбыл облысының азаматтары табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық қауіп-қатерлерді жоюдың түрлі жолдарын қарастырып жатыр деп айтуға болады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ