Жамбыл облысында сарбазды қорлаған әскери қызметшіге жаңа үкім шықты

0
1 925

Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды


Жамбыл облысында сарбазды қорлаған әскери қызметшіге жаңа үкім шықты

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында сарбазды қорлаған әскери қызметшіге жаңа үкім шықты. Бұл туралы әскери сот мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы күш қолданып бопсалады (ҚК 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы) және өкілеттігін асыра пайдаланды (451-баптың 1-бөлігі) деп айыпталған шекара заставасының сержанты Н-ға шыққан үкімнің күшін жойды.

Ол сондай-ақ Б. деген сарбазды өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі (ҚК 451-бабының 2-бөлігі және 105-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) деген күдікке ілінген еді.

Еске сала кетейік, 24 тамызда Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімімен сержант Н. ҚК 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 451-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бірақ 105-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 451-бабының 2-бөлігі бойынша ақталды.

Сөйтіп 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Сотта анықталғаны - Н. шекара заставасында келісімшарт бойынша мобильді топтың басшысы қызметін атқарған.

2022 жылғы тамызда ол әскери қызметшілер Қарулы Күш жарғысын бұзып, нарядтағы бекеттерді өз еркімен ауыстырғанын анықтайды.

Н. осыны пайдаланып, жәбірленуші Қ-дан ақша бопсалайды, сосын ол аталған соманы сотталушының банк шотына аударған.

Н. шекара заставасының аумағында алкоголь ішкен жәбірленуші Б, К, А-ны көріп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, оларға дене жарақатын салған.

Кейіннен сотталушы Н. осы себепті жүйелі және негізсіз пайдаланып, өкілеттік шегінен шығып, әскери қызметші Б-ның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, бұл сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соққан.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелерді қарап тексерумен, оның ішінде банк шотынан үзінді көшірмемен, шекара заставасынан алынған бейнежазбамен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жаңадан үкім шығарып, әскери қызметші Н-ны ҚК 194-бабы 2-бөлігі 1-тармағы және 451-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, Бас әскери прокуратура былтыр тамызда «Шөлдала» шекара заставасының мерзімді әскери қызметшісі Б. Мираштың өзіне қол салу дерегіне қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген.