​Жаңа босанған 63 мың ана сәбиінің алғашқы құжатын проактив әдісімен алды

0
1 154

Пилоттық жоба шеңберінде нәрестелі болған әйелдер смс-хабарламаға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақы алуға өтініш жолдап, баланы балабақша кезегіне қоя алады.


​Жаңа босанған 63 мың ана сәбиінің алғашқы құжатын проактив әдісімен алды

ERNUR.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2017 жылдың желтоқсанында үш мемлекеттік қызметті бір ғана смс хабарламаның көмегімен алуға болатын проактив қағидасын енгізген болатын. Содан бері бұл қызметті 63 330 ана қолданды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бір жарым жыл ішіндеп жас босанған жүз мыңнан астам анаға смс-құттықтау жолданып, баланың туу туралы куәлігін проактив тәсілімен алу ұсынылды. Оның ішінде 63 330 ана мемлекеттік қызметке тапсырыс беріп, сәбилерінің алғашқы құжатын онлайн өтініш арқылы алды. Айта кетейік, пилоттық жоба шеңберінде нәрестелі болған әйелдер смс-хабарламаға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін рәсімдеп, жәрдемақы алуға өтініш жолдап, баланы балабақша кезегіне қоя алады.

«Жас босанған әйелдерге халыққа қызмет көрсету орталығына бірнеше рет барудың қажеті жоқ. Бұрын аналар бесігіндегі баласын қалдырып, не оларды құндақтап ХҚО-ға келіп жүретін. Цифрландыру заманында проактив әдісі арқылы барлығын онлайн жүзеге асыруға болады. Оны пайдалану үшін аналар босанбас бұрын мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс», - дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов.

Бүгінде проактив әдісі Телеграм қосымшасындағы арнайы бот арқылы да қолжетімді. Мобильді базаға тіркелген азаматшалар ұялы телефонының көмегімен өздері де жоғарыда аталған үш қызметке тапсырыс бере алады. 2018 жылдың қыркүйегінде іске қосылған бот қызметіне 5,5 мыңға жуық әйел жүгінген, оның ішінде 4 842 ана балаларының туу куәлігін рәсімдеген.