Жеңілдетілген автокредит: министр көлігі барлар бағдарламаға қатыса алмайтынын айтты

0
552

Жеңілдетілген автокредит беру үшін қазақстандықтың төлем қабілеттігі назарға алынады.


Жеңілдетілген автокредит: министр көлігі барлар бағдарламаға қатыса алмайтынын айтты

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 4%-тік автокредиттің жаңа талаптарын түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Министрдің айтуынша, жеңілдетілген автокредит беру үшін қазақстандықтың төлем қабілеттігі назарға алынады.
"Ең алдымен адамның төлем қабілеттігін ескереміз. Жалақысы төмен адамның төлем қабілеттігі болмайды. Сол себепті біз бұған дейін берілген кредиттерді, жалақылары қанша болғанын зерделеп жатырмыз. Осыны ескеріп жалақының белгілі бір сомасын белгілейміз", - деді Қарабаев мәжіліс кулуарында.
Осы орайда журналистер автокредитті адамдардың жалақысына қарап беру алалау емес пе деп сұрады.
"Ешқандай алалау емес. Бұрын белгілі бір сомадан жоғары жалақы алатын адамдар бағдарламаға қатыса алатын еді. Енді белгілі бір жалақы мөлшерін белгілейміз. Ал несиені төлей алатынын дәлелдеу үшін оның 10 немесе 15 пайыз бастапқы жарнасы болуы қажет деп ойлаймыз", - деп түсіндірді министр.
Қарабаев автокөлігі бар адамдар бағдарламаға қатыса алмайтынын атап өтті. Сондай-ақ жеңілдетілген автокредитті бір рет алған адам да бағдарламаға қайта қатыса алмайды. Қарабаевтың айтуынша, жаңа талаптар 15 мамырға дейін талқыланып, көпшілікке жарияланады. Бұл ретте ол БАҚ өкілдерін бірігіп талқылауға шақырды.
Министрдің сөзіне сенсек, жаңа талаптармен жеңілдетілген автокредит бойынша өтінім қабылдау маусым айында басталады.
"Қазір револьверлік жүйемен айына бір млрд теңге қайтарылып жатыр. Бүгінде 4 млрд теңге жиналды. Осы айда тағы бір млрд түссе, сонда 5 млрд теңгеге жеткенде, 500-ге жуық автокөлік алуға мүмкіндік болады. Осыдан кейін келесі айда қайтадан өтінім қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз", - деді ведомство басшысы.
2 маусымда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автокредит жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді. Біріншісі, төрт пайыздық несиемен автокөлік алған қазақстандықтардың аты-жөні көпшілікке жарияланады.
Екіншісі, автокредитке үміткерлер 10 немесе 15% бастапқа жарна төлейді. Үшіншісі, бағдарламадан Hyundai Tucson, Kia Sportage маркалы автокөліктер алынып тасталып, бюджеттік көліктерге ақша бөлінуі мүмкін.
Төртіншісі, автокредит алғысы келетіндерге жалақы бойынша шектеу қойылады. Яғни үкімет белгілеген жалақы мөлшерінен көп айлық алатындар бағдарламаға қатыса алмайды.