Жоғарғы сот төрт жыл бұрын сотталған шекарашыны ақтап шықты

0
2 042

Ол өз шағымында айыптау тарапы тек куәгерлердің расталмаған жауабына сүйенгенін алға тартқан. Тіпті куәгерлер сотталушыны танымаған.


Жоғарғы сот төрт жыл бұрын сотталған шекарашыны ақтап шықты

ҚР Жоғарғы соты 2014 жылы бес жыл мерзімге сотталған шекарашыны ақтап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тергеу органдары 2014 жылы «Қапланбек» шекаралық бақылау пунктінің аға бақылаушысы қызметіндегі 27 жастағы Арман Сәрсенбаевты жауапқа тартқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзінің лауазымын асыра пайдалана отырып, сыйақыға Өзбекстаннан Қазақстан жеріне адамдар өткізген-мыс.

«2014 жылдың 19 маусымында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған әскери сот Арман Сәрсенбаевты пара алғаны үшін кінәлі деп тауып, оны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдарда қызмет етуден 5 жылға шеттелген. Апелляциялық сот сотталушыға қатысты шешімді өзгеріссіз қалдырған. Ал ҚР Әскери соты оның жазасын 1 жыл 3 айға дейін қысқартқан», - делінген хабарламада.

Бұл шешіммен келіспеген сотталушы Жоғарғы сотқа жүгінген. Ол өз шағымында айыптау тарапы тек куәгерлердің расталмаған жауабына сүйенгенін алға тартқан. Тіпті куәгерлер сотталушыны танымаған.

Сонымен бірге, Өзбекстан азаматтарын шекарадан заңсыз өткізу туралы телефон әңгімелерінің стенаграммасы іс материалдарының арасында болмаған. Ал бұл айыптаудың негізі ретінде алынған болатын.

«ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы А.Сәрсенбаевтың дәлелденбеген және қарама-қайшы куәгерлік жауаптарға сүйеніп сотталуын негізсіз деп таныды. Айыптау тарапының тұрақты түрде телефон арқылы тілдесу болғанын алға тартқан уәжі дәлелдің жоқтығынан алынып тасталды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, А.Сәрсенбаевтың ақшалай сыйақы алғаны туралы дәлелдің жоқтығына маңыз берілген. Жоғарғы сот аталған материалдарды есепке ала отырып, Арман Сәрсенбаевты толық ақтады. Жазықсыз сотталған жігітке қылмыстық қудалау органының заңсыз әрекеті салдарынан келген зиян мен шығынды өтеп алуға құқық берілді.