«Жоғарғы жақтан нақты тапсырма берілді»: Елжан Біртанов тағылған айыптармен келіспейді

0
552

Келесі тыңдаудың қай күні өтетіні белгіленген жоқ.


«Жоғарғы жақтан нақты тапсырма берілді»: Елжан Біртанов тағылған айыптармен келіспейді

ERNUR.KZ. Елжан Біртанов кезекті сот отырысында өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін және мемлекеттік қызметші ретінде қандай заң бұзғаны туралы әлі де түсінбейтінін жеткізді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Экс-министр алғашқыда мемлекеттік бюджетті талан-таражға салды деген күдікке ілініп, кейін бұл айып қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыпқа ауыстырылды. Алайда Біртанов бұл айптауды негізсіз санайды.

«Мемлекеттік қызметшінің антын бұзғаным туралы айып тағылып отыр. Айыптау тарапынан мен анттың қандай бөлігін немесе нормаларын бұзғанымды естіген жоқпын. Осыны түсіндіріп беруіңізді сұраймын. Материалда мен қабылдаған анттың мәтіні жоқ. «Біртанов осындай әрекетімен антын бұзды» дейтіндей ешбір факт келтірілмеген. Мен мемлекеттік қызметте 30 жыл жұмыс істегендіктен, мен үшін мұны білу маңызды. Айыптауда менің Денсаулық сақтау министрі ретіндегі қызметтік міндеттеріме қатысты деректер келтірілген. Осы ретте мен қандай өкілеттіктерді теріс пайдаланғаным туралы түсіндіріп беруіңізді сұраймын. Мен қандай біліктілік лауазымдық міндетімді бұздым және қалай бұздым?

Жан-жақтан тінтіді. Барлық елшіліктерге өтініштер жіберілді, барлық туысымның банктік шоттары ізделді, тексерілді. Қаржы мониторингі агенттігі өте мықты ұйым. Егер тағылған айып рас болса, олар үш жылға жуық уақыт ішінде табар еді. Ештеңе жоқ, шоттар да, аударымдар да жоқ», - деді Біртанов.

Сот өз кезегінде тағылған айып оның министр қызметін атқарып жүрген кезінде сол уақыттағы вице-министр Олжас Әбішевке заңсыз бұйрық беріп, жарамсыз платформаны алғандығымен байланысты екенін түсіндірмек болды. Содан кейін Әбішев те оның жұмыс істемейтінін біле тұра қабылдау актісіне қол қойғанын айтты. Алайда Біртановтың адвокаты судьяның бұл әрекетін прокурордың сөзін қайталағанмен тең деп түсінді.

«Сіздердің қазіргі әрекеттеріңіз бізді қанағаттандырмайды. Сіз қазір прокурор Шекеновтің айтқанын қайталап беріп тұрсыз. Бұл мәтінді біз бұған дейінгі тергеу судьясынан да естідік. Қазір сол мәтінді тағы да қайталап отырсыз. Нақты сұраққа нақты жауап керек. Біз қылмыстық материалдан тіпті мемлекеттік қызметшінің ант мәтінін де таппадық. Тиісінше «Заң бұзушылық мемлекеттік қызметшінің антының қай бөлігіне қатысты?» деген сұрақ туындайды», - деді қорғаушы.

Елжан Біртанов пен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Ақпараттандыру платформасын қабылдау және іске қосу арқылы билікті асыра пайдаланды деп күдіктелуде.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2015 жылы Ericsson Nicola Tesla-мен 17,8 млн долларға автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жеткізуге келісімшарт жасады.

Платформа бірыңғай деректер қоймасына айналуы керек еді, сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін біріктіруі тиіс болған.

Өз сөзінде Елжан Біртанов аталған мәселеге қатысты құжаттарға қойылған қолдардың барлығы заң аясында орындалып, бірқатар мамандардың келісімімен жасалғанын айтуда.

«Тағы бір мәселе – айыптаушы тарап қандай негізде маған бұйрықтарға қол қоюда кінә тағып отыр? Жұмыс тобын құру туралы бұйрық бар. Бұл бұйрықтар қызметтік хаттар негізінде министрліктің көптеген жауапты қызметкерлерімен қол қоюға келісілді. Қабылдау комиссиясының құрамында IT технология бағытындағы кәсіби мамандар болды. Платформаны қолдау, әзірлеу, тексеру және қабылдау жұмыстарын солар атқарды. Олар тиісті қызметтік хат пен актілерді жазды. Тиісті тұлғалар мамандардың осы бұйрыққа қол қоюда заң бұзушылық болмағанын айтады. Ол бұйрықты жалғыз мен ойлап тапқан жоқпын! Ол жерде орындаушылар да бар. Өткізілген есептерге қарайтын болсақ, платформаны сынақтан өткізу барысында барлығы сәтті жүзеге асқан. Оны дәлелдейтін барлық техникалық құжаттар бар. Әрбір кезең оң нәтижесін берген. Ал екі жыл өткеннен кейін мені қамауға алып, барлығын заңсыз дейді. Бұл жерде мен бұйрықтарға қол қоя отырып, өз қызметімді қалай асыра пайдаландым?» - деді Біртанов.

Сондай-ақ аталған плафторманың жұмыс істеу мүмкіндігін тексеру мақсатында сот сараптамасы жүргізілген. Біртанов тергеушілер оның нәтижесін теріске шығарып отырғанына сенімді.

«Тергеу амалдары платформаның жарамсыз екенін қандай негіздермен байланыстырып отырғаны мен үшін түісініксіз. Мен сот сараптамасын мұқият зерттедім. Ол жерде платформаның 2018 жылы қаншалықты жұмыс істеуге қабілетті болғанын анықтау мүмкін еместігі жазылған. Өйткені платформа мерзімді өзгерістерге ұшыраған және жетілдірілмеген. Сондай-ақ 2020 жылғы ақпандағы платформаны техникалық тексеру және 2020 жылғы 16 наурыздағы сараптамалық қорытынды актілерінде аталған ақпараттық жүйенің келісімшартта қарастырылған техникалық талаптарға сәйкес келетіндігі және функционалдық ескертулер жоқ екені жазылған. Бірақ оған қарамастан қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәселені бұған дейін де талай мәрте көтердік. Алайда тергеуші «Сіз жұмыс істемейтін платформаны қабылдадыңыз» деп айып тағуда», - деді экс министр.

Елжан Біртанов бұл іске жоғарыдан арнайы тапсырма берілгеніне сенімді.

«Менің түсінігімде, бұл тергеушінің қиялынан туған іс. Яғни ол істі қозғады және жазды, өйткені оған жоғарғы жақтан нақты тапсырма берілді. Енді келіп, Сіз кінәңізді мойындайсыз ба дейсіздер, мен мойындағаннан бұрын қандай қылмыс екенін әлі түсіне алмай жатырмын?» - деді Біртанов.

Экс-министр компанияға тағылған алаяқтық айыбы да негізсіз екеніне сенімді. Айтуынша Ericsson Nicola Tesla жасаған жұмысы үшін тиісті қаражатын алды және ол ақша сол кезде барлық мамандармен расталған.

Сонымен қатар, Елжан біртанов аталған платформаның жұмысқа жарамды екенін айтты. Алайда бұғаттаудың салдарынан оны іске қосу мүмкін емес болып отыр екен.

«Ericsson Nikola Tesla компаниясы өзінің жұмысын орындады, тестілеуден өткізді. Былтыр қазан айында олар осы жаққа келіп, Тоғжанов мырзада жиналыс өткізілді. Олар бір айдан кейін платформаны іске қосуға дайын екендерін айтты. Ол үшін ақша алған жоқ және сұрап та жатқан жоқ. Алайда меніңше Қаржы мониторингі жасап жатқан қысымның салдарынан Денсаулық сақтау министрлігі одан бас тартып отыр. Компания платформаны қосуға мүмкіндік сұрап отыр, бірақ мүмкіндік берілмей отыр. Өйткені мені айыптау тиімді болып отыр. Егер де платформаның істейтіні дәлелденсе, әріптестер шендерінен айырылады. Егер де плафторманы бұғаттамаса, 2021 жылы оны іске қосуға болар еді. Қылмысты осы жерден іздеу керек», - деді Біртанов.

Сот отырысының соңы адвокат пен судьяның арасындағы түсініспеушілікке ұласып, келесі тыңдаудың қай күні өтетіні сол күйі белгіленген жоқ.