Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту орталықтарының алдағы трансформациясы туралы да айтты.
ERNUR.KZ. Жұмыспен қамту орталықтарындағы маманның айлығы жұмыс тапқан адамдардың санына қарай белгіленетін болады. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ведомсвтоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда оңтүстік өңірлерден қоныстанушыларды қабылдайтын өңірлердің әкімдері кәсіпорындар арасында сұранысқа ие мамандықтары бар кадрлар мен қандастарға арналған әлеуметтік пакет түрі көрсетілетін жол карталарын дайындап жатыр.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында сынақтан өткен этникалық қазақтарды қабылдау алгоритміне назар аударғым келді. Оған сәйкес жұмыс беруші растаған жұмысқа шақырулары бар этникалық қазақтар кәсіпорынның орналасқан жері бойынша өңірге виза алады. Елге бұрын келген отбасы мүшелері, этникалық қазақтар өздері тұратын өңірге жіберіледі. Қалған санаттар жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша қоныстандыру өңірлеріне жіберіледі», – деді министр.
Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту орталықтарының алдағы трансформациясы туралы да айтты.
«Өңірлер деңгейінде бэк-офис функциясын еңбек ұтқырлығы орталықтары орындайды. Аудандар мен қалаларда фронт-офистер халықты жұмыспен қамтумен айналысады. Мұндай орталықтардың көрсететін қызметтеріне тарифтер белгіленеді. Яғни, орталық қызметкерлерінің еңбекақысы жұмысқа орналастырылған азаматтардың санына тікелей байланысты болады. Трансформацияны пилоттық сынақтан өткізу биыл еліміздің 3 өңірінде басталады. Олар Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстары», - деді ведомство басшысы.