Бұл мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйеден алынады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін наркологиялық және психодиспансер анықтамасы талап етілмейтін болады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Шынымен де, мұндай мәселені Ішкі істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп талқылап жатыр. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерді интеграциялауға қатысты жұмыстардың бір бөлігі жүргізілді. Біз жыл сайын шамамен 900 мың жүргізуші куәлігін береміз. Олардың қатарында жүргізуші куәлігін алғаш алатындар, мерзімі өтуіне байланысты ауыстыратындар немесе жаңа санат алатындар бар», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тарапынан тиісті жұмыс жүргізілгеннен кейін жүргізуші куәлігін мерзімі өтуіне байланысты ауыстыратын немесе жаңа санат алатын азаматтардан қағаз түріндегі наркологиялық және психодиспансер анықтамасы талап етілмейді.
«Өйткені, бұл мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйеден алынады», - деп түсіндіреді Серік Түсіпов.
Дегенмен, комитет төрағасының орынбасары бұл жаңашылдық алдымен тестілеуден өтетіндігін айтады.