"Жүргізуші мас болған": Қызылордада екі медицина қызметкері жол апатынан қаза тапты

0
334

Оқиға 29 тамызда таңертең болған.


ERNUR.KZ. Қызылордада мас жүргізуші басқарған Toyota Land Cruiser бағдаршамда тұрған жедел жәрдем көлігіне соғылды, деп жазады Tengrinews.kz.

Оқиға 29 тамызда таңертең болған.

"Апат салдарынан екі адам жарақат алды - фельдшер Омарова мен жедел жәрдем жүргізушісі Маенов. Екеуі де медициналық мекемеге жеткізілгеннен кейін қайтыс болды", - деді полицейлер.

Тексеру кезінде Toyota Land Cruiser жүргізушісі орташа дәрежедегі мас күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар, ол Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы қарашадағы қаулысына сәйкес бес жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша ҚР ҚК 346-бабының 6-тармағына сәйкес ("Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру") қылмыстық іс қозғалды.

Бұл тармақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынып, 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Қазіргі уақытта джип жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.