Биыл 3 мыңға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылып, оларға тыйым салған жерден жолды кесіп өткендері үшін 15 млн теңгеге айыппұл салынған.
ERNUR.KZ. Алматы облысының полициясы азаматтарды жол ережелерін бұзбауға шақырады, деп жазады ҚазАқпарат.
Тәртіп сақшылары өңірде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Жыл басынан бері облыста 33 жаяу жүргіншіні көлік қағып, мерт қылса, 170 адам түрлі жарақат алған.
«Полиция осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық шаралар жүргізіп, азаматтарды жолда қауіпсіздікті сақтауға шақырады. Биыл 3 мыңға жуық жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылып, оларға тыйым салған жерден жолды кесіп өткендері үшін 15 млн теңгеге айыппұл салынған. Бірінші ескерту беріліп, кейін айыппұл салынады. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер жол бермеген 986 жүргізушіге 24 896 500 теңге сомасында айыппұл төлеу міндеттелді», - деп атап өтті Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жаяу жүргіншіні қағып кету фактісі кеше түнде тіркелген. Қарасай ауданында «Алматы-Бішкек» тасжолында «Фольксваген Гольф» екі адамды қағып кетіп, мерт қылған.
«Жол-көлік оқиғасы республикалық тасжолдың 25 шақырымында болды. 56 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйел түнгі уақытта тыйым салынған жерден жолды кесіп өтпек болған. Екеуі де қаза тапты. Қазір ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», - деп хабарлады облыстық полициядан.