Жылу беру маусымы басталғалы бері өрт жиіледі – министр

0
646

Еліміздегі төтенше жағдайлардың 92 пайызын өрт құрайды.


Жылу беру маусымы басталғалы бері өрт жиіледі – министр

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қазақстан өңірлерінде жылу беру маусымы басталғалы бері өрт жиілегенін айтты, деп жазады baq.kz.

Оған қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болып отыр. Еліміздегі төтенше жағдайлардың 92 пайызын өрт құрайды. Пандемияны ескере отырып, биыл жылу беру маусымы әдеттегіден ерте басталды. Қыркүйектен бастап тұрғын үй секторында 1 300-ден астам өрт шықты, - дейді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, өңірлер арасында Шымкент, Алматы қалалары, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында өрт жиілеп кеткен.

Жамбыл облысында өрттен қаза болғандар саны - 4 адамға, Алматы қаласында – 3 және Павлодар облысында - 2 адамға артты. Қостанай облысында жарақат алғандар саны 6 есе, Нұр-Сұлтан қаласында 4,5 есе және Қарағанды облысында 2,2 есе көбейді. Жамбыл облысында тұрғын үйдегі өрттен екі бала, Солтүстік Қазақстанда 2 адам және Шығыс Қазақстанда тағы екі адам көз жұмды,- дейді министр.

Оның айтуынша, былтырғы жылғы тәжірибенің негізінде тұрғын үй секторында жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Жылу беру маусымы басталғанға дейін 15 тамыздан бастап тиісті шаралар атқарылды. Осы орайда халық арасындағы әлеуметтік осал топтардағы 118 мыңнан астам тұрғын үйі есепке алынды. Өңірлік әкімдіктермен, ішкі істер органдарының, әлеуметтік қамту, білім беру және денсаулық сақтау өкілдерімен бірлесіп 87 мыңнан астам үйге немесе 74 пайызына тексерулер жүргізілді. Оның ішінде 9 пайызға жуығы өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұза отырып пайдаланылып жатыр. Олар жергілікті атқарушы органдар бақылауына алынды, - дейді ведомство басшысы.