«Әлде өлгеннің бәрі бақытты, бай боп кетіп жатыр ма?!»
Эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың жары, тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова Алматы қаласында тоғызыншы қабаттан үш баласымен секіріп, қайтыс болған әйелге, қайғылы жағдайға қатысты үндеу жасады. Жұлдыз өз жазбасында көпшілікке, мемлекетке, құзырлы органдарға, ерлерге, сосын әйелдерге қарата үн қатты. Ол сөзін «Үндемейін десем де, миллиондаған әйелдің ҮНІН жеткізу үшін жазып отырмын» деп бастады.
«❗️Алдымен, сөзімнің басын үлкен өтінішпен көпшілікке арнағым келеді. Бұл қаралы оқиғаны қабылдаудағы реакциямызды түзесек. “Ойбай” деп сүйінші сұрағандай бір-бірімізге тарата бермей, сәл сабырлық танытайық. Себебі еліміздің бір түкпірінде дәл осындай психологиялық күйзеліс пен материалдық таршылыққа ұшыраған екінші бір әйелге ой салуыңыз әбден мүмкін. (сол үшін де бұл постты жазбас бұрын ұзақ ойландым).
❗️Мұндай қадамға қандай әйелдер барады:
1. Ерінен, ата-анасынан, ата-енесінен қолдау таппаған, қоғамда өзін жалғыз сезінген әйелдер;
2. Мүмкіндігі шектеулі немесе науқас баланы асырап отырған аналар. Ауру бала тудың деп қайын жұрты бетіне басады, күйеуі баланың ауыртпашылығын көтере алмай ішкілікке салынады, ең соңында бәрін ішіне жұтатын әйел;
3. Материалдық және психологиялық кризистегі әйелдер (қаржылық пирамидаға алданған, алаяқтардың құрбаны болған, күйеуі ақша таппайтын немесе тапса да бермейтін)…
❗️Екінші үнім мемлекетке, құзырлы орындарға: Баланы жоспарламас бұрын, әйел мен ер адамға теңдей жауапкершілік жүктейтін #осознанное_родительство (мүмкін, естияр ата-ана) идеологиясын нығайту қажет. Әсіресе, қазақ қоғамында 40 жаны бар деп әйелдің мойнына артыла берер жүк көп. Әйел – терминатор емес. Отбасылық міндеттер мен баланың алдындағы жауапкершілік екіге бөліну керек. Ененің мектебі, қайыната мен қайын жұрттың қас-қабағы, күйеуінің көңілі, баласының бабы…. Оның үстіне осы шаруаның бәрін арқалағаннан бөлек, үйде отырған әйелді “ақша таппай жылы жерде жатқан жаны тыныш” жанға теңеп, түрткілейтіндер де бар. Әйелді мүлік, ерді меншік иесі деп қарау үрдісі - атастырған кездегі қалың малдан келіп шықса, сіз пұл төлеп құл сатып алып жатқан жоқсыз. Осыны саналы түрде түсінсек. Яғни, әйелдің, ананың қоғамдағы статусын, рөлін көтеріп, оларға қамқорлықты арттыру керек. Әйелі құрметтелмеген қоғамнан құт қашады. Азып-тозған, шаршаған, агрессия мен негатив толы әйелден қандай бала тәрбиеленіп шығады? Ондай балалар ертең қоғамның қанша %-ын құрайды?!
Үшінші үнім ерлерге: Егер бала түнде жыласа, әйелмен қатар ер де оянуы керек. Әйел емізіп отырғанда, ер адам әйелінің суын, баласының жөргегін алып беріп көмектессе, одан еркектігі кеміп қалмайды. Себебі, олар баланың ата-анасы. Содан соң, «бұрынғы кезде аналарымыз 11 баланы бір өзі баққан» деген әңгімені жаңа заманға алып келуге қарсымын. Себебі, бұрынғы заманның адамы түгіл ақшасына да ештеңе сатып ала алмайсыз. Ол сол заманда қалып кетті. Үлгі ету керек дұрыс жағынан, бірақ, оны асыра сілтеп жамылып, әйелді есектей жеге беруге жалау етпеу керек. Ері жұмыстан шаршап келсе де, тым құрығанда, әйелімен ашық-жарқын сөйлесіп, көңіл бөлсе, бұл да бір қолдау.
Төртінші үнім әйелдерге: Ең бірінші, сіз осы азаматқа күйеуге шығамын деп таңдау жасаған күннен бастап, ОТБАСЫҢЫЗ үшін екеуіңіз ғана жауаптысыз. Сізге мемлекет те, қоғам да міндетті емес! Қуаныш болса да, қайғы болса да – өткеретін сіздер. Және баланы сіз өмірге әкелсеңіз де, оған өмір берген СІЗ емессіз! Құдай өзі бергенін өзі алады. Бала – ата-ананың ойыншығы емес, Алланың берген аманаты! Аманатқа қиянат ЖАСАЛМАЙДЫ. ЖАСАЛМАУ керек еді…» - деді Қайрат Нұртастың жары.
Сөз соңында Ж.Әбдікәрімова қазір еңіреп жүретін заман емес, қолымыздағы смартфонды шұқылауға жеткен санамыз, қиындықты жеңіп шығуға да жету керек екенін шегелеп айтты.
– Жұрттың өсек-төсегін аңдығанша ӨЗ өмірлеріңіз үшін жауапкершілік алыңыздар. Қазақ әйелі қараңғы боп жылап жүрмеген! Зере мықты болған соң Құнанбай, Ұлжан мықты болған соң Абай дүниеге келген. Қиындық кімнің басында жоқ. Шытынатқанға сына берсек, неміз қалады?! Әлде өлгеннің бәрі бақытты, бай боп кетіп жатыр ма?! Ерің есін жимаса, балаларың үшін өзіңіз есіңізді жиыңыз! – деп ойын аяқтады.
Ал желідегілер Жұлдыздың жасаған үндеуіне қолдау көрсетті.
«100% келісем сізбен», «Өте керемет жазылған, түсінген адамның түйсігіне жетеді деп ойлаймын», «Өте орынды өте дұрыс айттыңыз, талайдың айта алмай жүрген мұңы, барлық ауыртпалықтың бәрін неге әйел ғана көтеру керек?!»,
«Әйелге тек құл ретінде қараса бұндай қайғылы жағдайлар әлі көп болады» деген пікірлерін жазуда.