​«Алып қашқан еді, әкеліп қойдық»: Абай Бегейдің 16 жастағы қызы тұрмысқа шыққалы жатыр

0
2 055

«Заң қайда, кәмелетке толмаған қызы неге мұнша асықты?!»


​«Алып қашқан еді, әкеліп қойдық»: Абай Бегейдің 16 жастағы қызы тұрмысқа шыққалы жатыр

Танымал әнші Абай Бегей небәрі 16 жасқа толған қызын алып қашып кеткендерге батасын беріп, құда болды. Өнер иесінің қызы өзінің туған жері Ақтау өңіріне, Табынай руына келін болып түсті.


Бұл жаңалықты желіге әншінің үлкен қызы Гүлеркем Ниязқұлова жариялады.


«Неше күннен бері сіздерге айтуға енді уақыты келген сияқты... Отбасымызда тіптен ойламаған жағдай орын алып, барлығымыз абдырап қалдық. Ақтауға отбасымызбен демалып келеміз деп, ұшуға бір-ақ күн қалғанда, «үйдің ортаншы қызы Сымбатты алып қашып кетті» деген хабар жетті... Барлығымыз Алматыдамыз, Ақтаудан нағашы апаларын жіберіп, қызды бірден алып кеттік.


Не үшін? Бұл жерде ешқандай менсінбеушілік немесе қарсылық танытқанымыз емес, әкесінің талабын орындау болды. Әкесі «Қандай ел екенін, ата-анасын, жігіттің өзін көрмей ешқандай қызымды бермеймін» деді. Сол күні бірден Ақтаудан Алматыға жігіттің ата-анасы, ауылының үлкені келіп, әкесінің алдынан өтіп, уәделерін беріп, рұқсатын сұрады. Әкесі де өз ауылымыздың үлкендерімен, жан-жағымен ақылдаса келе, екі күн ойланып, «Келген ел көргенді, жөні түзу, сөздері дұрыс адамдар екен. Қызымның таңдауын құрметтеймін» деп батасын берді», - деп жазды Абай Бегейдің үлкен қызы.


Айта кетейік, Абай Бегейдің екінші қызы биыл тоғызыншы сыныпты бітіріп, жақында ғана Республикалық жоғары медициналық колледжіне оқуға түскен еді. Болашақ тіс дәрігері.


Ол өзіне сүйіктісінің қалай сезімін білдіргенін «Инстаграмдағы» парақшасында бөлісіп, көпшіліктен сүйінші сұрады. «Менің өмірімде тап сенің бар болғаның үшін рахмет» деп сүйіктісіне сөз салғаны үшін алғысын білдірді.



Абай Бегейдің екінші жары Фариза Жұманова да Сымбатқа ақ тілегін жаудырды. «Неше күннен бері жүрегім алай-дүлей. Тақсырға көрсетпей жылап аламын. Симби қызым бақытты бол. Менімен танысканда 9 жасар құттай бөпе едің. Енді міне бой жетіп, өз теніңді тауып жатырсың. Аллам бақыт бергей», - деп жазды әншінің әйелі.


Енді Бегей отбасы үлкен тойға қызу дайындық үстінде. Десе де бұл жаңалық әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр.


«Жап-жас еді ғой, неше сонша асықты екен?», «Заң қайда қалды, қыз әлі кәмелеттік жасқа толмаған ғой. Абай бір ауыз айтпай ма қызына», «Жастар бақытты болсын», «Қызы ерте бойжетіп кетіпті, 16 жасқа ұқсамайды», «Жігіт қалап тұрса алмай қоймайды», «Абайға көз тимесін, бірінен кейін бірін аяқтандырып, жылма-жыл той істеп жатыр» деп жазды көпшілік.