​«Бәйбішемен бет жыртысып, шаш жұлыспадық»: Сандуғаш Стамғазиева Алтынбек Қоразбаевпен байланысы жайлы айтып берді

0
17 090

«Кезінде мойындамап еді, қазір қыздарымен араласып тұрады»


​«Бәйбішемен бет жыртысып, шаш жұлыспадық»: Сандуғаш Стамғазиева Алтынбек Қоразбаевпен байланысы жайлы айтып берді

Кезінде Мейрамбек Беспаевпен дуэт боп шыққан әнші Сандуғаш Стамғазиева араға бірнеше жыл салып, алғаш рет «Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат берді. Сахнадан көрінбей кетуінің себебін және Алтынбек Қоразбаевпен қарым-қатынасы жайлы ашып айтты.


«Араға қанша жыл салып өнерге қайта бет бұрып жатырмын. «Алатау» дәстүрлі өнер театрына жұмысқа кірдім. Сахнаны қатты сағынып қалыппын. Осы жылдар ішінде бар өмірімді, уақытымды екі қызыма арнадым. Соларға жақсы тәрбие беріп, аналық мейірімге бөлеп өсірсем деген бір ғана мақсат болды. Қазір енді олар бойжетті, есейді. Сондықтан сахнаға ақырындап қайтадан шығып жатырмын. Тойға да шығамын, қызды да ұзатам, келінді де түсіріп берем. Қатып қалған баға жоқ, той жасап отырған кісінің жағдайына қарап, келіскен ақымды ала беремін» деді әнші.


Сандуғаш Стамғазиеваның Алтынбек Қоразбаевтан екі қызы бар. Ол кезінде ұстазымен байланыста болғанын, мұсылманша некесі қиылып, екі қызды дүниеге әкелгенін айтқанда, Алтынбек Қоразбаев мойындамай, бұл ақпаратты теріске шығарған еді.


«Біз бұлай боп кетерін ойлаған жоқпыз. Сол кісіден дүниеге екі бала дүниеге келеді-ау деген нәрсе үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Маңдайыма жазылған нәрсені көріп жатырмын. Сондықтан «анау екен, бүйтіпті, сөйтіпті» деген әңгіме айтатын заман емес қазір. Иә, басында ол кісі мойындамай, жария еткеніме ашуланып жүрді. Бірақ қазір бәрі реттелді. Екі қыз тұрғанда қайда барамыз. Біз араласпаған күнде де қыздар әкелерін іздейді. Араласып тұрады. Әкелерімен ақылдасады, мен көбіне «әкеңнен сұра, сол не айтса сол болады» деп итере берем. Алтекең де менің жағдайымды қыздары арқылы біліп отырады.


Үлкенім – Алтынай, 19 жасқа толды, журналистика саласында білім алып жатыр. Ал Сафиянұрым 10-сыныпта оқиды. Екеуі де өнерге жақын. Үйге келе жатқанда сыртта тың тыңдап, біраз тұрамын. Кейде олар мен жоқ кезде ән салып, дайындалып алады. Мен бар кезде ұяла ма, тынышталып қалады. Жап-жақсы дауыстары бар, екі жақтан да Құдай беріп тұрған соң олар қайда барады?


Алтекеңнің үйіндегі кісімен көп кездескен емеспіз. Бірақ оған деген көзқарасым өте жақсы. Рахметімді айтып отырамын. Қазір неше түрлі жағдайды естиміз ғой, «ойбай, бәйбішесі біреуді жалдап ұрғызыпты», «көшеде шашын жұлып, төбелесіпті» дегенді. Құдай сақтасын, ондайдан беті аулақ, ол кісінің даналығы, Алтекеңе деген құрметі шығар, бір-бірімізге жамандық ойламағанбыз» деді Сандуғаш Стамғазиева.


Ол сондай-ақ, екінші рет тұрмыс құрудан бас тартпайтынын айтты.


«Алланың маңдайыма жазғанын көріп келе жатырмын. Сондықтан мен осы жерде сайрап, «Иә, мен тұрмысқа шығамын» деп айта алмаймын. Бұйырғанын көреміз. Егер мені ұнатып, сөз салып, «алақаныма салып аялап өтем» дейтін болса, онда еш қарсылығым жоқ. Ал енді, ондай дүние болмай жатса да өкінбеймін» деді.