«Қош, балалығымның тәтті үні!»
Орыстың атақты әншісі Юрий Шатунов қайтыс болды. Шатуновтың директоры Аркадий Кудряшов әнші инфаркттан қайтыс болғанын хабарлады.
⠀
Юрий Шатунов 48 жаста еді. Әнші жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.
⠀
«Бүгін түнде жедел жәрдем көлігінде Юраның жүрегі тоқтап қалды», - деді Аркадий Кудряшов.
⠀
Юрий Шатунов 1973 жылы 6 қыркүйекте дүниеге келген. Ол – кеңестік және ресейлік танымал әнші. «Ласковый май» тобының солисі болған. Оның «Искусственное дыхание», «Вспомни май», «Седая ночь» секілді танымал альбомдары бар.
Қазақ өнерінің өкілдері де атақты әншінің қазасына қайғырып, жоқтап жатыр. Әлеуметтік желіде Шатуновты жоқтамаған жұлдыз кемде кем.
Белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева «Эх, біздің балалығымызды әсем әнмен өрнектеген бала еді... "Белые розы" әлі құлағымызда... Кімнің есінде?» десе, «МузАРТ»-тың солисі Сәкен Майғазиев «Бала кезімізде "Шашың Шатуновтікіндей екен" десе, өзімізді жігіттің сұлтанындай сезінуші едік. Юрий Шатунов бақиға аттаныпты. Жаратушы күнәларын кешіргей» деп жазды.
Ал әнші Меруерт Түсіпбаева «Қош бол, жастық шағымның тәтті үні…» деп мұңайды.