«Анам «мынауың бала туып жарытпайды» деп әйелімді жақтырмады»
Әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Құдайберген Бекіш «Ұйқым келмейді» бағдарламасында қонақ болып, отбасы, әйелі және шығармашылығы жөнінде әңгіме айтты.
«Жаннамен студенттік шақта таныстық. Жүргенов атындағы Өнер акадиемиясында оқып жүрген кезім, жатақхана жанынан өтіп бара жатсам, бір қыз шелегін суға толтырып тұр екен. Көмектесіп жіберейін деп шелегін көтерістім. Танысып, әңгіме айтып, көмектестім. Бір кезде қолым дірілдей бастады. Шаршағаннан емес, бір ерекше сезім ұшқыны пайда болды. Солай ол мені шайға шақырды. Таныстығымыз достыққа, одан әрі махаббатқа ұласты.
Әйеліме үйленбей тұрып анама көрсеттім. Ол кісі ауылдың қарапайым қызын әпергісі келді-ау, «Әй, мынауың бала туып жарытпайтын адам ғой. Әйел деген шамалы толықтау болуы керек» деп жақтырмай қалды. Қас қылғанда Жанна екеуміз тұңғышымызды алты жыл күттік. Емделдік, Мәскеуге дейін бардық. Алты жылдан кейін дүниеге келген ұлымыз Жаннаның құрсағында сол Мәскеуде бітті» деді әнші.
Биыл отасқанына 40 жыл толған өнер иесі үйлену тойына екі жерде жұмыс істеп, ақша жинағанын да ерекше тебіреніспен еске алды.
«Таң атпай тұрып, сабақ басталғанша театрдың алдында аула сыпырушы боп істедім. Сосын сабаққа барам. Сабақтан соң Опера театрында хорда жұмыс істедім. «Үйлену тойыма» деп тапқанымды жинай бердім. Ақшаны үнемдегенім соншалық, кейде ашқұрсақ боп жүріп, басым айналып, құлап қалатынмын.
Жинаған ақшамның бір бөлігін ауылдағы анама салып тұрдым. Алматының апортын сатып алып, почтамен жөнелтетінмін. Қалғанына қаладағы менмін деген «Алатау» ресторанында той жасадым. Жаннаның талғамы ерекше еді, ол той көйлегін тапсырыспен тіктірді. Бір айта кетерлігі, Жаннаның анасы менен қалыңмал алмады. «Қызым бақытты боп кетсе болды» деп ақ батасын берді. Марқұм өте жақсы кісі болатын» деді Құдайберген Бекіш.
Әнші сондай-ақ, өнер адамдарына мемлекеттік марапат, атақ беру мәселесінде өкініші барын жасырмады.
«Атақ пен құрметті беті жылтыраған Астана мен Алматының әншілер алады да, шеттегілер қалып қояды. Мысалы, Шымкентте Айжан Тәженова деген мықты әнші бар. Кезінде «Дос-Мұқасанда» өнер көрсеткен. Керемет, сырлы сазды әндерді шырқаған әнші. Соған, сосын Құралай Сәтмұхамедова деген тамаша әнші-композитор қызға лайықты құрмет көрсетілмей келеді. Олардың өнерге сіңірген еңбектері орасан. Соны Шымкенттің басшылары ескеріп, екі қызға атақ берсе болар еді. Олар мәңгілік тұра бермейді ғой, барында бағалайық» деді ол.